Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның еліміздің жаңа Ата Заңының жобасын көпшілікке ұсынуы – Қазақстанның саяси өміріндегі айрықша оқиға. Бұл құжат Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған стратегиялық бастамаларының заңды қорытындысы іспетті. Жалпы мәтіннің 84 пайызын қамтитын мұндай ауқымды өзгеріс – мемлекетіміздің мүлдем жаңа сапаға көшкендігінің нақты көрінісі.
Жаңа жобадағы ең басты ерекшелік – адам құқықтары мен бостандықтарының басты бағдар ретінде айқындалуы. 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы халық үнін билік мінберіне тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Халық Кеңесі сияқты жаңа консультативтік орган мен вице-президент институтының енгізілуі мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай икемді әрі тұрақты ете түспек.
Біз, Махамбет ауданының ардагерлер қауымы, бұл реформаны елдің бірлігі мен егемендігін нығайтатын тарихи қадам деп есептейміз. Комиссия құрамында қоғамның түрлі топтарынан 130 өкілдің болуы және мыңдаған ұсыныстың ескерілуі – Ата Заңның шынайы халықтық құжат екенін дәлелдейді. Жаңа Конституция еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, келер ұрпақтың құқықтық қоғамда өмір сүруіне жол ашады деп сенеміз.
Марат Сабырғалиев,
Махамбет аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары


