«Ашық әкімдікте» бір жылда 5712 мемлекеттік қызмет көрсетілген

2020 жылы қараша айында Махамбет аудандық әкімдігінің бастамасымен ауданда көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, ашықтығын қамтамасыз ету, әкімшілік кедергілерді жою мақсатында «Ашық әкімдік» кеңсесі ашылған болатын.

Жылдан астам уақыт халыққа қызмет көрсеткен ашық әкімдіктің жұмысын халық қалай бағалауда? Бұл сұраққа аудан әкімі аппарат басшысы Нұрлан Қалиев жауап берді.

- Бұл жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын мемлекет ұстанымы аясында жергілікті атқарушы органдардың халықпен тығыз байланыс орнатуын күшейту мақсатында жүзеге асқан болатын. Ашылғаннан кейін бір айдың ішінде 400-ден астам адам жаңа кеңсенің қызметіне жүгінді. Осыдан-ақ жобаның халыққа керектігіне көз жеткіздік. Ашық әкімдік кеңсесі екі бағытта жұмыс жасайды. Біріншісі, тұрғындарға цифрлы мемлекеттік қызмет көрсету. Бұл бағыт бойынша ең көп қызмет атқарып отырған өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы. Азаматтар осы жерден өздеріне электронды цифрлы қолтаңба ашу, ұзарту, бұдан басқа өздеріне керекті анықтамаларды алу қызметтерін пайдаланады. Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы, ауыл шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік қызметтер де көрсетіледі. Тұрғындар осы жерден үлкен техникаларды техникалық байқаудан өткізе алады. Жаңадан ашылған тағы бір қызметтің түрі – жастарды әскерге шақыру және есепке қою болып табылады. Ерекше атап өтерлік саланың бірі – әлеуметтік сала. Бұл бөлім арқылы 20 дан аса қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ тұрғын үй инспекциясы арқылы да адамдар түрлі кеңестер алады. Бір жылдың ішіндегі атқарылған жұмысты саралайтын болсақ тұрғын үй саласы бойынша 1128, жер және сәулет саласы бойынша 1640, ауыл шаруашылығы саласы бойынша 79, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы бойынша 2864 адам ашық әкімдіктегі мамандардың қызметіне жүгінген. Өзіне –өзі қызмет көрсету бойынша 1553 адам электронды цифрлы қолтаңба аштырса, 1311 адам түрлі анықтамалар алған. Бір жылдың ішіне барлығы 5712 адам мемлекеттік қызмет алып отыр. Бұл біз үшін үлкен жетістік, –дейді Нұрлан Серікұлы.

096319a5-c9ce-47eb-ae30-93001828ce39

Аппарат басшысының айтуынша, екінші бағыт ашық диалог бағыты. Яғни арнайы жасақталған open space залында аудан әкімі мен орынбасарлары, аппарат басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдайды. Тұрғынның мәселесі бойынша сол жерде жұмыс телефоны арқылы тиісті бөлім басшысына немесе округ әкіміне тапсырмасы беріледі. Сол бойынша карточка толтырылып, жедел түрде базаға құйылып, 3 күннің ішінде қысқаша жауабы беріледі. Содан соң 15 күннің ішінде толық жауабы жолданады. Арыз немесе өтініш жазған әр адам электронды цифрлы қолтаңбасы арқылы өз өтінішінің қай деңгейде қаралып жатқанын көріп, отыра алады. Ол үшін компьютер болмаса ұялы телефоны, ғаламтор желісі болса, жетіп жатыр.

Ашық әкімдік ғимараты аудандық әкімшіліктен бөлек орналасқан. Толықтай Махамбет ауылдық округінің теңгерімінде. Тұрғындарға қызмет алу үшін арнайы зал жасақталған. Сонымен қатар ке-зекте тұрған адамдарға арнап демалыс бұрышы жабдықталған. Кішкене балаларымен келген тұрғындар үшін балаларға арналған бұрыш та бар. Қаламсап немесе қағаз қажеттілігі туындаған адамдар үшін адалдық дүкені қызмет көрсетеді. Сол жерден керегін алғаннан кейін ақшасын арнайы жәшікке салып кете береді. Ғимарат бейнебақылау жүйесімен қамтылған.

e549d385-5a01-4765-b983-9d6bc64d9d38

Жоғарыда аталған қызметтерден бөлек арнайы құқықтық кеңес көрсету орны да бар. Аудан әкімі аппаратының заңгері аптасына бір рет осы жерге келіп, халыққа кеңесін ұсынады. Аудандық сот, прокуратура,полиция бөлімінің мамандары үшін де ашық әкімдіктің есігі әрқашан ашық. Кез келген уақытта келіп тұрғындармен кездесу өткізе алады. Сонымен қатар ғимаратта «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкіліне де орын берілген. Олар халықпен тілдесіп, анонимді түрде сауалнамаларын жүргізіп, қызмет көрсету сапасына халықтың көңілі қаншалықты толатынына бақылау жүргізіп отырады. Түсіндіріп өтетін бір жайт – ашық әкімдікте таза әкімдік және оған қарасты бөлімдер тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетіледі. Ал кең ауқымдағы мемлекеттік қызметтерді аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығынан алуға болады.

 

Б.СҮЙЕУОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT