Арманы асқақ Александр

Қазіргі таңда спорт саласында өз еңбегімен, табандылығымен өзгелерге үлгі болып жүрген жастарымыз аз емес. Солардың бірі – жас боксшы әрі өз шәкірттерін тәрбиелеп жүрген жас тренер Гуртовой Александр Александро-вич. Ол спорттағы жолын ерте бастап, бүгінде жинаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретуді басты мақсат еткен.

Оның боксқа деген қызығушылығы бала кезден басталған. Ол алғаш рет қолғап киіп, рингке шыққан сәттен бастап бұл спорттың тек күш пен жылдамдықты ғана емес, тәртіп пен төзімділікті талап ететінін түсінді. Жылдар бойы тыным¬сыз жаттығу, үздіксіз ізденіс пен ерік-жігердің арқасында ол аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, өзінің спорттағы орнын қалыптастырды. Атап айтар болсақ Батыс Қазақстан облысы, Казталов ауданының жүлдегері, Талдықорған, Атырау қалаларында және Астра¬хань облысында өткен ашық турнирдің жеңімпазы атанған. 

Александр Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде білім алып, дене шынықтыру мұғалімі және таңдаған спорт түрінен жаттықтырушы мамандығын меңгеріп шықты. Қазіргі таңда жастар тәжірибесі бағдарламасымен Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бокс бөлімінде жаттықтырушы болып – жұмыс жасайды. 

Боксшы ретіндегі жетістіктерімен қатар ол бала кезінен бапкерлікке қызыға бастады. Өзінің алғашқы жеңістері мен жеңілістерінен сабақ алып, кейінгі жас спортшыларға дұрыс бағыт- бағдар беруді көздеді. “Жақсы спортшы болу – бір бөлек, ал жақсы тренер болу – үлкен жауапкершілік”, - дейді ол. Сондықтан да әр жаттығуға үлкен жауапкершілікпен қарап, шәкірттерінің тек спорттық шеберлігін ғана емес, мінез-құлқы мен тәртібін де қалыптастыруға мән береді. Ол шәкірттерін әрдайым жеңімпаз болуға үгіттемейді, керісінше «Жеңілгенді жер көтереді» деген ұстанымды басты қағида деп есептейді. Әр жеңілістің артында үлкен жеңістің боларына мол сеніммен қарайтынын жеткізді. 

Бүгінде жас тренердің қол астында жаттығып жүрген жасөспірімдер аз емес. Ол әр шәкіртіне жеке көңіл бөліп, олардың физикалық дайындығымен қатар психологиялық тұрғыдан да шыңдалуына көмектеседі. Жас спортшыларға уақытты тиімді пайдалануды, дұрыс тамақтануды және салауатты өмір салтын ұстануды үнемі ескертіп отырады. Оның айтуынша «бокс – тек рингтегі айқас емес, бұл – өмір мектебі». 

Кейіпкеріміз Александр үшін басты жетістік – шәкірттерінің жеңісі мен спортқа деген сүйіспеншілігі. Оның тәрбиелеп жүрген жас спортшылары бүгінде түрлі жарыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға қол жеткізіп жүр. Алдағы уақытта ол өзінің білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейде біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ауыл-аймақтан шыққан талантты балаларды спортқа баулып, олардың үлкен арена¬ларда ел намысын қорғауына үлес қосуды армандайды. Осындай жігерлі жастарымыз барда спорт саласында биік белестерді бағындырарымыз сөзсіз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT