Алға ауылдық округ әкімінің міндетін уақытша атқарушы Р.Мусиннің баяндасы тыңдалды.
Одан әрі жарыссөз бен сұрақ-жауапқа кезек берілді. Алға ауылдық округінің тұрғындары қолдарындағы түйе малынан шөгерместен бұрын, яғни наурызға қалдырмай, қаңтар айында ауруы бар-жоғын анықтау үшін қан алып болуды өтінді. Бұған қоса жылқы малына салынатын чип туралы білгісі келген тұрғындар да болды. Бұл сауалдарға жауап берген аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Мұратбек Сидеғалиев өздерінің республикадан бекітілген жоспар бойынша жұмыс жасайтындарын, ол жоспар бойынша қаңтар айында түйе малынан қан алуға болмайтынын, себебі, бұл айда қанның құрамынан ауруды анықтау қиынға соғатынын, сондықтан наурызды күтуге тура келетінін айтты.
Жылқы малына салынатын чип еліміз бойынша тек Алматы қаласында шығарылатынын, шаруа қожалықтарының тарапынан тапсырыс берілсе, дәрігерлер өздері келіп егіп беретінін, бір басқа 800 теңгеден келетінін және оның өмір бойына жұмыс жасайтынын түсіндірді. Алғалықтар ауылдарындағы каналдың тереңдетіліп, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанынан риза екенін, алайда каналдың бойында мал су ішуге арналған суат қарастырылмағанын, тіке жардан су ішеміз деген ірі қараның құлап өліп жатқанына шағымданды.
Бұл сауалға жауап берген аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Ершіков каналдың жөндеу жұмыстары жоба бойынша жасалып жатқанын алға тартты. Ал Алға ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Расул Мусин, канал бойында үш жерде суат бар екенін, ол туралы халықпен түсінік жұмыстары жүргізілетінін айтты. Ауылдың ардагері Тілеген Ұзақбаев ауылдағы балабақша, мәдениет үйі ескіргенін, жастарға арналған спорт кешенінің жоқ екенін жеткізіп, ауылға дәрігер жетіспейтінін және мал ұрлығына тосқауыл болу үшін бақташы шығару мәселелерін көтерді.
Ата-аналар тарапынан балабақшада балалар ойнайтын ойыншықтың жетіспейтіндігі айтылды. Жалпы тұрғындар ауыл әкімінің міндетін атқарушының жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.
Ауыл әкімінің есеп беру жиынын қорытындылаған аудан басшысы Жәрдемғали Бахуұлы Алғаға бірінші кезекте балабақша салу жұмысын қолға алатынын айтып, тұрғындарды қуантты. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша тиісті бөлім басшыларына жағдайдың анық-қанығын анықтауды, тек жоба, жоспар бойынша жұмыс жасаймыз дей бермей, жергілікті жағдайды да ескеруді тапсырды.
Б.Сүйеуова