«Бұрын ата-әжелеріміз мына шиені сен туылғанда ектім, мына алманы ағаңа арнап отырғыздым» деп айтып жүрушы еді.
Бүгінде осы үрдісті қаншалықты жалғастырып жүрміз? Жалпы ер азаматтың бір парызы ағаш егу екендігін үнемі айтып жүретін жандардың бірі Қуандық Слиханов:
- Бақша өсіру байырғы кәсібім десем, артық емес. Бұрын тұрған үйімде айналадағы көршілерім бау-бақшаның жайын жақсы түсінетін орыс ұлтының өкілдері болатын. Бірімізден-біріміз сұрап-біліп, жеміс ағаштарын жарыса өсіретінбіз. Өткен жылы жаңа қонысқа көшкелі де сол дәстүрді жалғастырып, жас көшеттерді отырғызуды қолға алдық. Барлық отбасы мүшелері де, оның ішінде немерелерім бұл іспен қуана айналысады. Қазақтың салтымен әр немерем дүниеге келгенде бір тал егіп, соны өскен соң өздеріне баптауға берем. Суғарып, арам шөбін жұлып, ерте жастан еңбекке баулысам, кейін, жемісін жесе де қандай маңдай термен өсіп-өнгенін түсінеді. Әзірге 5 сарбазым ағаштарын жарыса баптап жүр. Жалпы жеміс ағаштарын өсіруде әркімнің өз құпиясы бар. Мәселен, мен барымша көршілес Орал облысынан көшет әкелуді әдетке айналдырдым. Себебі, ол жақтың ауа-райы, қыстың салқындығы ағаштардың төзімді болуына ықпал етеді. Ал, біз базардан сатып алатын жас талдар оңтүстік өңірден келгендіктен, кейде қыстың аязына шыдамай қалып жатады. Жеріміз сазды, құрғақ болған соң, шірінді топырағын, тыңайтқышын міндетті түрде саламын. Бақшасы барлардан естігенім бойынша жеміс ағаштарына құмырсқа жоламауы үшін, кәдімгі вишневский майды да пайдаланамыз. Осы, секілді көптеген күтімнің, мейірімнің арқасында ғана бақшаңыздан өнім жей аласыз. Қара жерден де, қара ағаштан да күтім кетсе, еңбегіңнің қайтымы болмай қалады,-дейді ағамыз.
Өз бақшасының бабын айтып қана қоймай, үйінің дәл іргесіндегі жасыл белдеудің бүгінгі жағдайына алаңдайтынын жеткізді. Шөлі қанбай қақсыған кәрі ағаштармен, сиыр мен жылқысының жапасына толған бақтың ішін бүлдіретін тағы да сол жергілікті тұрғындар екені өкінішті.
«Бұл жерде талай белгілі тұлғалардың, ата-әжелеріңнің қолтаңбасы қалған, халықтың маңдай тері төгілген. Бір кездері көгілдір отынның орнына ағаштарын шауып алып кеткендер орнына бір тал қайта егіп кетпегені қалай?» деп қапаланады.
Иә, көше беттегі келбеті жайқалып тұрғанымен, жасыл белдеуді айналып өтсеңіз, кесілген ағаштардан қалған орындықтарды ғана көресіз. Кәрі талдар кесуге де үлгертпей, тамырынан жұлына құлап жатыр. Шөлге шыдамды қара ағаштардың өзі, су жетіспегеннен қурап, жапырағынан жалаңаштануда. Қысқасы қараусыз қалдырсақ, бірер жылда жасыл белдеудің заты емес, аты ғана қалатын секілді.
А.Қанатбайқызы