Ақжайықтағы каналға қайта қоршау жүргізіледі

Жұртшылықтың мұңы - жайылымның жыры

Жұртшылықтың мұңы – жайылымның жыры.

Азын-аулақ мал өсіріп, етін жеп, сүтін ішуді мақсат тұтқан ауыл халқы үшін соңғы жылдары жайылым мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Жайылымдық жерлердің басым бөлігі жеке меншікке сатылып немесе ұзақ мерзімге жалға беріліп кеткенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтқан болатын. «Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтардың иелігінде. Оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 млн гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биыл жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын» деген болатын Мемлекет басшысы.

Мал жайылатын жайылымның жыл өткен сайын өрісі тарылып келе жатқаны, тіпті ауылдағы каналдан мал үшін су ішудің өзі қиындап кеткені туралы ауыл әкімдерінің есеп беру жиналыстарында халық жыл сайын жыр қылып айтып келеді. Бұл мәселе бойынша ауданда игерілмей бос тұрған жерлерді қайтару жұмыстары жайлап болса да жасалып жатыр. Сонымен қатар ауылдық округтерде канал бойынан кәсіп ашам, егін салып, малын бағамын деген кәсіпкерлер үшін жер беріліп, каналдардың арнасын сумен толтыру жұмыстары да жүргізілуде. Канал бойынан кәсіп ашамын деп ниет білдірушілер саны артатын болса, бұл сол каналды жағалай қоныстанып отырған ауыл халқының да несібесі болары сөзсіз. Өйткені, олардың өнімінен түскен табыс, ауыл бюджетінің артуына септігін тигізеді. Осы мақсатта Ақжайық ауылындағы «7 ауыл - Айсары» каналының бойынан жер алған "Жұмағалиева Н.М." шаруа қожалығы өзіне тиесілі жерді қоршау жұмыстарын жүргізген. Алайда бұл ауыл халқының наразылығын туғызып отыр. Өйткені, кәсіпкердің салған қоршауы ауыл тұрғындарының малының емін-еркін жайылып, каналдан су ішуіне кедергі келтіріп отыр. Ашынған халық, тіпті «КТК» телеарнасын шақырып, жағдайды баяндаған.

-Қанша жылдан бері осы ауылда тұрып жатырмыз. Ауылдық жерде тұрған соң, табиғи тамақ ішкіміз келеді. Сол үшін азын-шоғын мал ұстап, шарбағымыздан егін салып отырған жайымыз бар. Ауылдың малы өмір бойына осы каналдан су ішіп, жайылымнан шөп жеп келеді. Бірақ үкіметтің кәсіпкерлерге қолдау көрсету шарасы аясында жыл өткен сайын жайылымдық жерлер жеке шаруа қожалықтарына берілуде. Кәсіпкерлерге берілетін жер тұрғындармен, ардагерлермен бірге қоғамдастық жиналысында талқыланып, халықпен ақылдасып барып берілуі керек. "Жұмағалиева Н.М" шаруа қожалығының канал бойынан жер алғанын ауыл әкімінен өзге ешкім білмейді. Кәсіпкер өз жұмысын бастап, каналдың айналасын қоршап алған кезде бір-ақ біліп отырмыз. Қоршап ғана қоймай, мал кіре алмау үшін айналасын қазып тастаған. Каналдан су ішіп, сол аймаққа жайылып үйреніп қалған малымыз, қазылған орға түсіп мерт болуда. Суға жете алмай шөлден қаталап жатқаны қаншама?! –дейді ауыл тұрғыны Мәлік Тәжіғалиев.

Халқының наразылығына байланысы ауыл әкімі Сайлау Жұмағалиев былай дейді:

-Ол жерде "Жұмағалиева Н.М» шаруа қожалығы 2005 жылы сатып алды. 2000 гектарын қоршап алды да, қоршалмаған 750 гектар жері қалған болатын. Енді шаруашалығын үлкейту мақсатында қалған жерін қоршап, суын жіберіп, егін салғысы келіп отыр. Оған ауыл тұрғындары наразылық танытуда. Кәсіпкерді де, тұрғындарды да түсінуге болады. Екі тараптың да талабы орынды. Осындай келіспеушілік орын алғаннан кейін аудан әкімі Ринат Бауыржанұлы "Жұмағалиева Н.М." шаруа қожалығының құрылтайшысы "Казкомсервис" ЖШС-нің басшысы Қ.Құлтекеновпен бірге келіп, ауыл тұрғындарымен кездесіп екі жақты келісімге келтірді.

Кездесу барысында тұрғындардың округ аумағындағы жайылымдық жерлерге қатысты талап-ұсыныстары жан-жақты тыңдалды. Нәтижесінде, тұрғындар ұсыныстарына орай "7 ауыл -Айсары" каналы жағалауындағы санитарлық аймақ талаптары ескеріліп, қайта қоршаулар жүргізуге және жалға алынып отырған аумақтағы кейбір жерлердің конфигурацияларын өзгертуге қатысты тиісті шаралар қабылданатын болды.

Ақжайық ауылындағы ахуалға қатысты пікір білдірген аудандық мәслихат хатшысы Қайыржан Мәжиев мәселені ушықтырып, ел көлемінде жарияламай, ауызбіршілікпен шешуге болар еді дегенді айтады.

-Қазақта «мал ашуы жан ашуы» деген нақыл бар. Ақжайықтықтар асырап отырған ақ адал малдарының жағдайын ойлап ашуға бой алдырғаны анық. Әрине, тұрғындардың талабын орынсыз дей алмаймыз. Дегенмен мәселенің екінші жағын да ойлау қажет. Ауыл маңынан кәсіп ашылса, біріншіден, оған ауылдың жұмыссыз жастары жұмысқа тартылады, екіншіден, сол кәсіпкердің өнімі халыққа төмен бағамен сатылады. Бұл ауыл халқы үшін тиімді болары сөзсіз. Бұл жалғыз Ақжайыққа ғана емес, барлық ауылдық округтерде кездесетін мәселе. Ақжайықта өткен кездесуде аудан басшысы алдағы уақытта жер бөлуге қатысты мәселелерде тұрғындардың пікірлерлері ескеріліп, әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынатынын айтты. Сондықтан ауылдастарыма айтарым, қандай қиындық болса да ауызбіршілікпен шешуге жұмыстанған жөн болады. Алтау ала болса ауыздағы кететінін, төртеу түгел болса төбедегі келетінін ешқашан естен шығармайық, – дейді Қайыржан Мәжиұлы.

Б.СҮЙЕУОВА

Сурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521