Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні қарсаңында қазақстандық-ресейлік екі инновациялық жоба іске қосылды, деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның бірі – мата геотекстилі, екіншісі – экструзионды геосинтетика өнімдерін шығару цехы.
Заманауи өндіріс орындарының салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков қатысты. Ол рәсімге қатысушыларды аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтың атынан құттықтады.
–Біз бүгін мұнда геосинтетикалық бұйымдар өндірісін іске қосу рәсіміне қатысып тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру – жергілікті атқарушы биліктің алдында тұрған басым бағыттар пен міндеттердің бірінен саналады.
Атырау облысының аумағында еркін экономикалық аймақ құрылып, табысты жұмыс жасауда. Қазіргі уақытта онда болашақта сіздердің кәсіпорындарыңызда пайдаланылатын полиэтиден және полипропилен өндіру жөніндегі жобаларжүзеге асырылуда. Сондықтан да, біз бүгінгі күні өңірімізде , қалаберді елімізде тұңғыш рет жоғары технологияға негізделген, экспорттық өнімдер шығаруға бағытталған өндіріс орындарының ашылып отырғанына қуаныштымыз. Ендеше сіздердің бірлескен бизнестеріңіздің берекелі, қадамдарыңыздың сәтті, еңбектеріңіздің табысты болуына тілектестігімді білдіресмін, бар жақсылықты тілеймін.Ал біз өз тарапымыздан, облыс әкімдігі тарапынан инвесторларды қолдап, көмек көрсетуге бар күшімізді саламыз, - деді Серік Айдарбеков.
Өз кезегінде, Ресей тарапынан сөз кезегін алған «Ультрастаб» жауапкершілігі шектеулі қоғамының (ЖШҚ) құрылтайшысы Роман Петров қазақстандықтар атынан айтылған жылы лебіздерге алғысын айтты. Алдағы уақытта бірлескен бизнес-ынтымақтастықтың жемісін беретініне сенімділігін білдірді.
Ресейлік әріптестерімен бірге жүзеге асыратын екі жобаға Қазақстан жағынан «Трансжол – Трейд» компаниясы қатысады. Бұл компанияның өзі осы салада екі бірлескен кәсіпорынның құрылуына себепші болып отыр.
Олардың бірі – Ресейдің Иваново қаласынан «Ультрастаб» ЖШҚ болса, екіншісі – Ярославль облысында құрылған «РКГ» ЖШҚ. Осылайша, алғашқы болып құрылған бірлескен компаниялар «Ультрастаб-Казахстан» және «РГК-Каспий» ЖШС-тері деп аталды.
Соның ішінде, «Ультрастаб-Казахстан» серіктестігі мата-полипропиленді текстиль және мата-жартылай эфирлі текстиль өнімдерін шығарумен шұғылданады. Жоғары сапалы технологияға негізделген мұндай өнімдер автокөлік, жаяу жүргінші жолдары, ұшып-қону алаңы құрылыстарында, жерүсті коммуникациялар желісін, дренах жүйелерін жүргізгенде кеңінен қолданылады. Айта кету керек, геотекстиль ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда, бау-бақша өсіруде кеңінен қоланылады және жоғары сұранысқа ие, қолданысқа төзімді материал. Ол конструкциялардың жарамдылық мерзімін айтарлықтай ұзартады, ылғал өткізбейді. «РГК-Каспий» ЖШС автокөлік және теміржол құрылысында, жаға бекіту жұмыстарында, өнеркәсіптік қалдықтар қоймаларын салуда кеңінен қолданылатын экструзионды геосинтетика бұйымдарын шығаратын болады.