Махамбетте жаңа оқу жылына дайындық қалай?

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуы деңгейінің жоғарылауы себепті өткен оқу жылының IV тоқсанында мектеп оқушылары, ЖОО мен колледж студенттері қашықтан оқыту жүйесі бойынша білім алған болатын.

Қашықтан оқу тәжірибесі мектеп оқушылары үшін оңай болмағаны анық. Қажетті техниканың тапшылығы, елді мекендердегі ғаламтор мен ұялы байланыстың әлсіздігі біраз кедергісін келтіріп, үлкен мәселеге айналып үлгерді. Соған қарамастан ұстаздар сабақтарын қашықтан оқытып, оқушылармен уақытылы тиімді кері байланыс орната білді. «Жағдай тұрақталып келеді, бәлкім қалыпты режимге көшетін болар» деген ойлар да болды.

АЙТАРЫМ БАР...

Жаңа оқу жылы жақындаған сайын ата-аналар балаларын қажетті құралдармен қамту жайын ойласа, бір жағынан қашықтан оқуға дайындықтарын пысықтап әлек. Осыған байланысты аудан әкімдігінің Telegram-дағы чатына да қойылар сұрақтар толастар емес.

- Мектептен берілетін көмек ақша қашан берілері белгісіз. Өзімнің 5 балам бар, үйде интернет те, қажетті планшет, компьютер құрылғылары атымен жоқ. Үкіметтен көмек көрсетіледі деген үмітпен отырмыз. Мектептен уақытша беріледі деп жатқан, бірақ мен оны өз мойныма ала алмаймын. Күні бойы жұмыста болғандықтан бала оқытатын уақыт та болмайды. Мектептің ашылуын қалаймын,- деп өтінішін білдірген болатын желі қолданушысы.

Жазира Бекжанова, Бейбарыс ауылының тұрғыны:

- Мектеп жасындағы төрт балам бар. Мектептен берілетін көмек ақша әр балаға 11 250 теңгеден келіп тұр. Бірақ менің екі балама ғана тиісті болып шықты. Қалған екеуіне неге тимей қалғанын түсіндіріп берсе екен. Интернет, компьютер мәселесін де айтпай кетуге болмас.

Жамал Базарғалиева (аты-жөні өзгертілген), көпбалалы ана:

- Оқу жыл жақындап қалды. Ал біздің жақта интернет желісі мүлде тартылмаған. «Қазақтелекомға» арызданғанымызға 3-4 жыл болып қалды. Ондағы мамандар қажетті заттарды тауып берсеңіздер, жүргізіп береміз деп отыр. Ол заттарды алатын менде қазір ақша да жоқ. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында бес балама әрқайсысына ай сайын 3000 теңгеден төлеп отырдым интернетке. Жолдасым да биыл карантинге байланысты, жұмысқа шықпай отыр. Осы мәселені шешіп берсе деген өтінішім бар. 

433 ОТБАСЫҒА - ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ

Осы аталған мәселеге байланысты әрі кезекті оқу жылына дайындық барысын білмек мақсатта аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Бердешқызына хабарласқанбыз.

- Міндетті оқу қорынан бөлінетін қаражат мектеп жанындағы ата-аналар, қамқоршылар кеңесі құрамынан құрылған комиссия ұйғарымымен, тиісті құжаттар толық тапсырылғаннан кейін қаралып, зерделеніп, заңнамалық шеңберде белгіленеді. Аталған комиссия ұйғарымына сай жекелеген санаттағы оқушыларға тиесілі қаражат міндетті түрде беріледі. Дайындық жөнінде айтар болсақ, үнемделген қаржы есебінен мектептерге 200 ноутбук алынып, облыстық басқарма арқылы мектептерге планшеттер, ноутбуктер беріледі деп күтілуде. Ата-ананың өтініші арқылы білім ұйымынан осы құрылғыларды қашықтан оқыту кезінде ала алады. Бұл құрылғылар әр мектептің өз теңгерімінде болғандықтан компьютер қажеттілігі бар оқушыларға қайтарымды негізгеде беріледі. Сол себепті ата-аналар мұқият болып, ұқыптылыққа баса назар аударуы керек. Сондай-ақ, 433 мұқтаж отбасының балалары интернетпен қамтамасыз етілмек,- дейді бөлім басшысы. Мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне міндетті оқу қорынан бөлінетін қаражат: 1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға; 2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға; 3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға; 4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға; 5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына тағайындалады. Білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 Қаулысы басшылыққа алынады. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алатын білім беру ұйымына қажетті құжаттармен қоса өтінішті тапсыру қажет. Білім беру ұйымындағы комиссия өтінішті қарағаннан кейін тиісті жауабы беріледі.

БЕРСЕҢ, БАЛАҒА БЕР...

«Мектепке жол» акциясы шеңберінде де ата-аналармен тікелей сөйлесу арқылы қаржылай, оқу-құралдарымен, роутермен көмектер көрсетілуде. Оның ішінде мұқтаж отбасыларға «ALTEL 4G», 13 елді мекенге «Kcell» байланыс операторының қызметін қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қашықтан білім беруді қолдау мақсатында ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, мектеп оқушыларына, студенттерге және мұғалімдерге арнайы «Білім» тарифтік жоспары шығарылмақ. «Білім» тарифтік жоспарының абоненттік төлемі айына 990 теңге. Жаңа тарифтік жоспарға қосымша 1 ГБ интернет трафигін байланыс операторлары ұсынып отыр. Білім және ғылым министрлігінің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы жанындағы «Менің атамекенім» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп қолға алынған «Оқушыны қолда» республикалық акциясы басталды. Бұл акция меценаттар, еріктілердің көмегімен қолдау мен демеуге аса мұқтаж оқушыларды қашықтан оқуға қажетті құралдармен, сондай-ақ жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Өтінімді qoldau.edu.kz сайты арқылы да беруге болады. Тізім бойынша техникаларды таратуда жетім балалар мен жағдайы төмен отбасылардағы оқушылар, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған, көпбалалы отбасыдан шыққан, атаанасы мүгедек және жалғызілікті ата-анасы бар балаларға да басымдық беріледі. Ата-аналар білім алушының жеке сәйкестендіру нөміріндегі соңғы 3 цифрды теріп, баласының тізімде бар-жоғын анықтай алады. Егер балаңыз тізімде болмай қалған жағдайда, акцияның екінші кезеңі барын ұмытпаған абзал. Кәсіпкерлер, жаны жомарт жандар аталған акцияға үн қатады деген сенімдеміз.

СТУДЕНТТЕРДІҢ ОҚУЫ ҚАЛАЙ БОЛМАҚ?

Сонымен бірге жаңа оқу жылында тек мектеп оқушылар ғана емес, жоғарғы оқу орындары мен колледж студенттері де қашықтан оқыту жүйесін жалғастыратын болады. «Колледждерге келетін болсақ, педагогикалық, IT, әлеуметтік, гуманитарлық бағыттардағы мамандықтар бойынша қашықтан оқыту, сондай-ақ технологиялық, аграрлық, медицина, өнер бағыттары бойынша аралас оқыту ұсынылады. Сәйкесінше, зертханалық жұмыстар мен өндірістік тәжірибені штатты режимде жүргізуге мүмкіндік береміз. Мұнда өте аз бала қамтылған, олар өздерінің жұмыс орындарында болады деп жоспарлануда», – деді Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов Үкімет отырысында. Алыс ауылдық жерлерде және шағын қалаларда орналасқан, бір топтағы студент саны 15-тен аспайтын 9 мыңнан аса студенті бар 102 колледж де штаттық режимде жұмыс істейді.

Ал аудандағы жалғыз арнаулы орта білім беретін оқу орны Сарайшық көпбейінді ауылшаруашылығы колледжінің директорының міндетін атқарушы Гүлнар Нығметқызы:

- Қазіргі таңда колледжде 78 студент бар. Бірінші курсқа қабылдау жалғасып жатыр. Елдегі ахуалға байланысты өткен оқу жылын студенттеріміз қашықтан оқып аяқтады. Оқытушылар да, студенттер де қашықтан оқуға қажетті интернет-платформалардың бәрін қолданып, еркін меңгеріп алды. Қандай жағдай болмасын, келер оқу жылына сақадай-саймыз деп айта аламын. Жатақханаға да интернет желісі тартылып, студенттерге бар жағдай жасалған,- дейді.

Қазіргі таңда Махамбет ауданында орналасқан 15 мектепте 5630 оқушы білім алса, оларды білім нәрімен сусындататын 718 мұғалім бар. Биылғы жылы «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы екі жас маман келсе, жаңа оқу жылында тағы үш маман қосылғалы отыр. Жас мамандар жаңашылдыққа тез бейімделіп, қашықтан оқытудың қыр-сырына қаныға отыра, шәкірттерге сапалы білім беруге ұмтылары анық. Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында қашықтан оқыту жүйесі мен кезекші сыныптардың сыннан сүрінбей өтіп, тиімділігін дәлелдей алса дейміз. Бастысы – оқушыларымыздың сапалы білім алып, еліміздің дамуына күш салар тұлға болып қалыптасуы.

Қазбек АЙТҚАЛИЕВ

Cурет:дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT