Қазан айы қарбаласқа толы. Өйткені, алты ай жаз бойы жүріп жатқан ауқымды жобаларды, күрделі құрылыс жұмыстарын күздің қара суығына ұрынбай тұрғанда тиянақтау-міндет.
Махамбет ауданы тұрғындары үшін де бұл жыл табысты да берекелі, ақжолтай жыл ретінде тарихта қалары анық. Осының алдындағы аптада жаңадан салынған көп қабатты алпыс пәтерлік үй иелеріне табысталып, қуанышты сәттердің куәсі болғанбыз. Енді міне, тағы да бір жағымды жаңалық ауыл тұрғындарын елең еткізді. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында Елбасының «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасына сәйкес, кезектері бойынша көп балалы он үш анаға салтанатты жағдайда пәтерлердің кілті табысталды.
Олардың арасында Ақтоғай, Алмалы, Сарайшық, Махамбет ауылының тұрғындары бар. Аудан әкімі Жәрдемғали Бахуұлы үйлерді бөлгенде құрамы он үш адамнан тұратын аудандық тұрғын үй комиссиясы заңдылыққа сәйкес, баспанаға үміткерлердің әлеуметтік жағдайларын, кезектерінің сақталуын егжей-тегжейлі саралағаннан кейін түпкілікті шешім қабылданатынын түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, көп балалы аналар үшін сатып алынған үйлердің техникалық сипаттамалары зерделеніп, талапқа сай болуы қатаң ескерілгенін де қаперледі.
Сонымен көптен аңсаған баспаналы болу бақыты бұйырып, шаттықтан жүздері бал-бұл жанған аналар өздеріне осындай қуаныш сыйлаған мемлекет басшысына, облыс, аудан әкімдеріне шынайы аналық алғыстарын жеткізіп жатты.
Іле-шала «Жақсыны көрмек үшін» дегендей, Махамбет ауылының Сарытоғай жақ бетінде орналасқан жаңа үйдің тұсаукесерінен табылдық. Мұнда да шашу шашылып, жаңа үйдің лентасы қиылды. Сырты шарбақпен қоршалған жаңа үй ине-жіптен жаңа шыққандай жұтынып тұр. Үйдің іші жып-жылы. Көгілдір отыны лаулап, суы сарылдап тұр.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезінген жеке кәсіпкер Еркебұлан Кенжеғалиев құрылыстың сметалық жоспарында жоқ болса да, жаңа үйге байғазы ретінде салқындатқыш жүйе орнатқан.
Жаңа пәтер иесі Гүлмира Төремұратованың қуанышында шек жоқ. Жаңа үй кілттерін көп балалы аналарға табыстау рәсімі келесі аптада да жалғасып жатса, еш таң қалмаңыз. Өйткені, тағы да бағдарлама аясында сатып алынған ондаған үйдің құжаттары дайындалу үстінде.
Н.Ерғалиев