21-мамыр елімізде Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күні атап өтілді. Осыған орай аудандық «Өнерпаз» мәдениет үйінде мерекелік кеш өтіп, ауданның мәдениет саласының майталмандары көрерменнің қошеметіне бөленді.
«Мәдениет –ұлттың мәйегі» деген атаумен өткен кеште өнер мектебі, кітапхана, мұражай, мәдениет үйінің қызметкерлері бір сахнада бас қосып, өнер көрсеттті. Ербол Идрисовтың өлеңмен өрілген монологымен басталған концерт аудан әкімінің орынбасыр Махамбет Ербөлектің құттықтау сөзімен жалғасын тапты. Ұлттық мәдени мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге, жаңа таланттардың жарқырауына, қазақтың ән, би, сөз өнерінің ұмтылмауына өз үлесін қосып келе жатқан саланың әр қызметкеріне ерекше алғысын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі. Сонымен қатар биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай еліміздің әлеуметтік дамуына өз үлесін қосқан жандарды «Еңбек адамы» төсбелгісімен марапаттады. «Өнерпаз» мәдениет үйінің әдістемелік бөлім меңгерушісі Қ.Ексебаева мен шаруашылық меңгерушісі Г.Абылғазиева аудан әкімінің орынбасарынан арнайы төсбелгі мен марапатын алды.
Осы ретте Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Алғыс хаты «Сарытоғай» ауылдық мәдениет үйінің басшысы Р.Жұмабаев пен көркемдік жетекшісі А.Төлеуовке табысталды. Облыстық ғылыми-әдістемелік халық шығармашылығы мен демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының «Алғыс хатын» алғандар қатарында «Өнерпаз» мәдениет үйінің режиссеры Э.Файзуллаева, басшысының орынбасары Б.Әбілдай, музыкалық жетекшісі А.Исатай және «Сарайшық» ауылдық мәдениет үйінің режиссеры А.Алпысбаева мен «Жас дәурен» мәдениет үйінің басшысы Н.Ислам да бар. Мерекелік шарадағы марапат мұнымен де шектелген жоқ. Аудан әкімі Қ.Нұрлыбаевтың алғыс хатымен, аудандық мәдениет, тілдердідамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ж.Дүйсембаевтың «Алғыс хатымен» де бір топ сала қызметкерлері марапатталды. Аудандық мәслихаттың атынан «Алғыс хатты» Қайыржан Мәжиұлы өзі табыстап, өнер майданында жүрген майталмандарға шығармашылық шабыт тіледі. Бүгінде мәдениет саласы жыл өткен сайын дамып, жаңарып, жалындаған жас мамандармен толығып жатқаны рас. Әйтсе де, сол жастардан бұрын саланың бір кездері шырағын жағып, ауданның атын республика сахналарында паш еткен ардагерлер де ұмыт қалмады. Солардың бірқатарына бұл кеште арнайы марапат ұсынылды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жайлашевтің өзі А.Панин, Ж.Жайлашев, А.Сейтмухаммедова, С,Қайырова, Т.Бисенғалиева, Д.Әділбай сынды осы салаға еңбегі сіңген қызметкерлерге мерекелік «Төсбелгі» тақты. Кеш барысында ауылдық округтердің мәдениет үйі басшылары мен қызметкерлері қосыла ән шырқап ерекше форматта атмосфера сыйлады. Сонымен қатар, «Өнерпаздың» өнерлі ұжымы да бұрын соңды саханаға шықпаған жаңа дуэт, жаңа репертуарымен көрерменді таң қалдырды. Мерекелік кеште Ш.Қалдаяқовтың әндері мен қоса қазіргі жас композиторлардың да туындылары шырқалып өнерсүйер тыңдарманға жақсы рухани демалыс болды. Өңіріміздің мәдени өмірінде ойып тұрып орын алар әр ұжымның жұмысына толайым табыс пен үлкен жетістіктер тілейміз. Халықтық өнердің қаймағын бұзбай қалпында сақтап, заманның көшінен қалмай, көзіқарақты көрермен мен оқырманның ыстық ықыласына бөленіп жүре беріңіздер мәдениеттің майталмандары.
А.САТАЕВА