«Аманатты сақтау – әр қазақтың борышы»

«Өнерпаз» мәдениет үйінде белгілі қоғам қайраткері, тіл жанашыры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің бұрынғы мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері Оразкүл Асанғазықызымен кездесу кеші өтті. Шараға аудан әкімдігі өкілдері, мекеме-ұйым қызметкерлері, ауылдық округ әкімдері, жастар, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер қатысты.

Сахна төріне көтерілген Оразкүл Асанғазы көпшілікпен жылы амандасып, өз өмір жолы мен ұстанымдары, отбасы тәрбиесі және ұлт болашағы туралы терең ой өрбітті.

– Қазір жер бетінде 8 миллиард адам өмір сүреді, соның ішінде қазақтар 44 мемлекетте мекендейді. Қазақстан халқының 72 пайызы – қазақ. Біздің ата-бабаларымыз ұланғайыр жерімізді сақтап қалу үшін 472 рет соғысқан. Осы аманатты сақтау – әр қазақтың борышы. Мемлекет болу үшін ең әуелі жер, тіл және сана қажет. Тіл – ұлттық кодтың өзегі. Қазақ тілі ешкімнен кем емес, – деген ол, М.Шахановтың «Төрт ана» өлеңін әсерлі оқып, тіл мен рухтың байланысын ерекше атап өтті. Кейін Оразкүл Асанғазықызы ұлт руханияты мен тәрбие мәселесін де кеңінен сөз етті.

– Абай «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бекер айтпаған. Дін – ғылымның бір саласы. Абай, Ыбырай, Мұқағали секілді ұлылар Алланың барлығына сеніп, рух тазалығын жоғары қойған. Мен Ыбырай Алтынсариннің музейінде болып, оның өз қолымен жазған «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінің түпнұсқасын көрдім. Бұл – рухани мұраның ұлы дәлелі. Рух ешқашан өлмейді. Кеңес дәуірінде советтік сана басым болса да, ұлыларымыздың сөзі өшкен жоқ. М.Әуезов айтқандай, «тілдің дамуы үшін ниет, күш және тәртіп керек», – деді ол.

Кездесу барысында қоғам қайраткері салт-дәстүр мен отбасылық құндылықтарға да тоқталды.

– Ата-бабамыз текті жерден қыз алған, ары мен иманын жоғары қойған. Келіннің әр сөзі мен ісі – ұлттың айнасы. Адам тағдыры өзіне байланысты, оған себепші – ата-ана, ұстаз және ортасы. «Бір күн ұрысқан үйден қырық күн ырыс кетеді» деген бар. Баланы бесік жырымен тербетудің, келіннің жерік асын жеуінің, құрсақ шашудың мәні зор. Аяғы ауыр әйелге құнарлы тағам керек, себебі жерік асын жемеген келіншектен әлжуаз бала туады. Қыздарға бесік жырын айтудан жарыс ұйымдастырылса, бұл ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес болар еді, – деген Оразкүл Асанғазы сондай-ақ, рух пен тәнге қажетті нәрселерді де атап өтті.

– Тәнге ауа, су, дұрыс тамақ, ұйқы, қозғалыс пен жақсы көңіл күй қажет болса, жанға білім, саяхат, сұхбат, ой, музыка, өнер мен ізденіс қажет. Ақша көп адамды бақытты етпейді. Абай айтқан үш қасиет – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – адамның ең асыл сипаттары. Сенім бар жерде махаббат бар, ал махаббат бар жерде өмірдің мәні бар, – деді тіл жанашыры.

Шара соңында аудан әкімінің орынбасары М.Ербөлек қоғам қайраткеріне ана тілі, дін, патриотизм мен тәрбие туралы тағылымды ойлары үшін алғысын білдіріп, гүл шоқтарын және Махамбет батырдың бейнесі салынған кілемше тарту етті. Кеш барысында Оразкүл Асанғазының курстасы Роза апай мен жерлес ағайындары сөз сөйлеп, өз жылы лебіздерін білдірді. Олар Оразкүл Асанғазықызының адамгершілігі, ақжарқын мінезі мен елге деген шынайы сүйіспеншілігі жөнінде тебірене айтты.

– Студенттік жылдардан бері Оразкүлдің еңбекқорлығы мен ақкөңілділігіне тәнтіміз. Қай ортада жүрсе де, шынайылығымен баурай біледі. Бүгінгі кездесуден ерекше әсер алдық, – десті олар.

Үш сағатқа созылған тағылымды сұхбат барысында Оразкүл Асанғазының әрбір сөзі залдағы көпшіліктің жүрегіне жетіп, елдік сана мен ұлттық тәрбие туралы ой салар рухани кешке айналды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT