Атырау облысында жастардың тұлғалық және кәсіби дамуына бағытталған бастамалар жүйелі түрде жалғасуда. «Болашаққа қозғалыс» жеке қоры Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының» қолдауымен және Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, «Talaptan Mahambet» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында жастардың білімін арттырып, кәсіби бағыт-бағдар беру мен жаңа дағдыларға үйретуге арналған бірқатар мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылды.
«Jastar upgrade»: ЖИ-ден қаржы сауаттылығына дейін
Махамбет ауданында өткен «Jastar Upgrade: жаңа білім, жаңа мүмкіндіктер» шаралар кешені 300-ден астам оқушы мен жасты қамтыды. Қатысушылар қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылықты арттырумен қатар, жасанды интеллектті күнделікті өмірде тиімді қолдану бойынша тәжірибелік білім алды.
Іс-шара барысында жастарға жеке бюджет жүргізу, қаржыны басқару, интернеттегі қауіпсіздік және AI технологияларының мүмкіндіктері туралы жан-жақты мәлімет берілді.
– Қаржы сауаттылығы адамның жеке табысы мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Ал цифрлық және құқықтық сауаттылық – жауапты азамат болудың негізгі шарты. Біз жастарға жасанды интеллект пен жаңа технологияларды саналы қолданудың артықшылықтарын түсіндірдік,- дейді «Болашаққа қозғалыс» қорының директоры Диас Бекмұратұлы.
Кездесу интерактивті форматта өтіп, қатысушылар топтық ойындар мен практикалық тапсырмалар арқылы өз қабілеттерін сынады. Жастар заманауи мамандықтар, цифрлық болашақ және технологияның қоғамға ықпалы туралы еркін пікір алмасты.
«Мамандықтар керуені» – болашаққа бағыт
Жоба аясындағы келесі маңызды бастама – «Мамандықтар керуені» шаралар кешені. Оның мақсаты – мектеп оқушылары мен жастарға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы нақты ақпарат беру, өз бейімі мен қабілетін анықтауға көмектесу.
Махамбет, Есбол және Жалғансай ауылдық округтерінде өткен кездесулерге 350-ге жуық оқушы мен жас қатысты. Спикерлер Климов және Голланд тестілері арқылы жастардың кәсіби бейімділігін анықтап, жеке кеңес берді.
– Мамандық таңдау – өмірлік жолдағы ең жауапты шешімдердің бірі. Әр жас өз бейімін танып, еңбек нарығындағы орнын табуы қажет. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы – осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі,- дейді Д.Бекмұратұлы.
Шара барысында IT, медицина, педагогика және инженерия салаларындағы сұранысқа ие мамандықтар таныстырылып, мотивациялық тренингтер өткізілді. Қатысушылар бұл кездесулердің болашаққа деген сенімін арттырғанын айтты.
Қысқа мерзімді курстар – кәсіпке бастар қадам
Сонымен қатар «Talaptan Mahambet» жобасы аясында ауыл тұрғындарына арналған қысқа мерзімді қайта даярлау курстары ұйымдастырылды. Курстар визажист және қолөнер бағыттарында өтті.
Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығында өткен сабақтарда қатысушылар макияж жасау техникасын, бет әрлеудің заманауи әдістерін және киізден сәндік бұйымдар мен кестелеу техникасын меңгерді. Курстың тәжірибелік бөлімі қатысушылардың өз өнімін жасап, нарықта ұсыну қабілетін дамытуға бағытталды.
– Бұл курстардың ең басты нәтижесі – адамдардың өз күшіне деген сенімін арттыру. Әр қатысушы жаңа кәсіпті меңгеріп, өз ісін бастауға нақты мотивация алды,- дейді ұйымдастырушылар.
Курс соңында тыңдаушыларға сертификаттар табысталды. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының, әсіресе әйелдер мен жастардың кәсіби белсенділігін арттырып, шағын кәсіпкерліктің дамуына серпін беруде.
«Talaptan Mahambet» жобасы – ауыл жастары мен тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді бастама. Бүгінгі жастардың табысты болашағы осындай жобалар арқылы қалыптасады. Өйткені олар тек білім беріп қана қоймай, әр қатысушының өз әлеуетін танып, сеніммен алға қадам басуына мүмкіндік береді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ

