Таңдайы қадірлеген Қадыржан

Фото: zh-shugylasy.kz

Аудандық балалар кітапханасында ақын, «Махамбет ауданының Құрметті азаматы» Қадыржан Қазымбекұлының «Тәңірге табы­ныс» кітабының таныстырылымы өтті.

Аудандық орталықтандырылған кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева та­ныстырылымды ашып, одан әрі «Өзім жайлы сыр шертемін» атты ақынның өмір жолынан дайындалған бейнесю­жет көрсетілді.

Қадыржан ағамен көп жыл­дар қызметтес, үзеңгілес дос болған Марат Сабырғалиев оның поэзия, проза, сатира жанрларында қалам сілтеген қарымды қаламгер екенін, әзіл әңгімелері де көп екенін еске алды. Әже тәрбиесін көрген Қадекең тари­хымызды, аңыздарды, ел аузындағы әңгімелерді жинап, әңгіме жанрын терең меңгергенін айтты. Облысқа белгілі қаламгер, жазушы Тарас Наурызәлі ауданда екі киелі қара шаңырақ барын, оның бірі – өзі еңбек еткен «Жайық шұғыласы» газеті болса, екіншісі –кітапхана екенін, осы кітаптың жарыққа шығуына тікелей үлес қосқанын, оған редакторлық еткенін, енді оқырман қолына тигенін әңгімеледі. Ол сонау бір жылдары Қадыржан ағамен бірге аудандық га­зет редакциясында жұмыс жасағанын, Алматы қаласында ҚазМУ-де бірге оқығанын, өзі бармақтай жігіт болса да ойы орамды, данагөй қариядай болғанын еске алды. Ақынның сы­ныптасы Ақбал Орынғалиқызы да өз лебізін білдіріп, он жыл бірге оқығанын, оқушы кезінен өлең, мақала жазып, көзге түскенін еске алып, кітабына құтты болсын айтты. Зейнеткер Сәуле Тәжбентай да Қадыржанмен сонау 1977 жылдан бері «Жайық шұғыласы» газетінде бірге жұмыс жасаған кездерін сағынышпен еске алып, әңгімеледі. Әріптесі, зейнеткер Клара Көптілеуова да Қадыржан ағамен редакцияда, кейін мәдениет саласында бірге қоян-қолтық еңбек еткенін, оның әзіл-қалжыңға бейім, жүрген жерін ойын-күлкіге көміп жүретін жан болғанын баяндады. Өмірі ешкімге өкпелемейтін, кеңпейіл, ақжарқын, жарқылдаған жүзімен есте қалғанын, өмірінің соңғы жыл­дары Гүлжанмен мәнді де сәнді ғұмыр кешкенін айтты.

Ақынның ұлы Біржан Қадыржанұлы да сөз алып, шараға қатысқандардың айтқан естеліктері әкесін көз алдына әкелгендей әсер еткенін айтып, әкесіне арнаған бір өлеңін оқыды. Одан әрі жары Гүлжан Темірғалиқызы да сөз алып, өз естелігімен бөлісті.

- Қазақта «Көзден кетсе де, көңілден кетпейді» деген бар. Бұл кітап Қадекең өмірін жалғады. Бұл кітапты биыл шығарамыз деп ойламадым. Үйдегі кітап сөресінде қызыл папка тұратын. Онда бар өлең-әңгімелері жинақтаулы еді. Көзі тірісінде Қадекең сол пап­каны қарап: «Мыналар қашан шығар екен?» дегені. Мен: «Сен де айтады екенсің. Бұйырған бір күні шығар. Сен зейнеткерлікке шыққанша бір шығарармыз» деп жауап бергенмін. Сол қызыл папкадағы шығармалардың кітапқа енгенін көре алмай кетті. Мұның бәрі маған аманат болды. Ал­дыма мақсат қойып, «қайтсем де осы кітапты басып шығарамын» дедім. Тараз қаласына барып, баспадан 766 беттік бір кітапты көріп, сол кітапты қатты ұнаттым. Сол жақта баспамен сөйлесіп, үш күндей жүрдім. Кітаптың сыртқы мұқабасы, іші-сыртының жұмыстары, техникалық редактормен жұмыс істеу оңай емес екен. Сонда да онымен тіл табысып, қасында отырып, көп жұмыс жасадық. Кітапқа 35 адам естелік берді. Әбден шығарар сәтте кітаптың бір беті ұмытылып қалғанын байқап, дереу оны қостық. Сонымен біздің кітап 650 беттік болып жарыққа шықты. Қадекеңнің асыл арманы орын­далды. Осы кітап әр оқырманға үлгі-өнеге болса деймін. Ұйымдастырушыларға ай­тар алғысым шексіз, - деді ол.

Қадыржан ақынның «Қызыл көйлек» өлеңін кітапханашы Қарлыға Айдарова, ал «Туған ауыл –Таңдайым» өлеңін кітапханашы Ақмарал Мамышова мәнерлеп оқыды.

Кешті аудандық орталықтандырылған кітапхананың балалармен жұмыс жөніндегі орынбасары Зада Енбаева қорытындылап, кеш меймандарына естелік сыйлықтарын ұсынды.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521