Алғашқы жауапты-хатшыға ескерткіш тақта ашылды

80 жылдық тарихы бар «Жайық шұғыласы» газетінің аудан тарихында алар орны ерекше.

Биылғы жылы мерейтойын атап өткелі отырған басылымның алда жоспарлаған шаралары көп. Соның алғашқысы кеше редакция ғимаратында өтті.

Қазіргі «Жайық шұғыласы» бұрынғы «Ленин жолы» газеті 1941 жылдың 19 наурызынан бастап жарық көрсе, оның тұңғыш санын шығарушыларының бірі, алғашқы жауапты хатшысы, 19 жасында соғысқа аттанып, қайта оралмаған боздақ Еламан Қабсалықовтың есімі ел жадында. Ол 1922 жылы Атырау облысы, Жаманқала ауданына қарасты Жанбай ауылында дүниеге келген. 1938-39 жылдары Сарайшықтағы орта мектепті үздік бітірген. Бір ауыз орыс тілін білмейтін қазақтың қиян ауылы, қара құмынан шыққан қазақ баласы орыс және неміс тілін өздігінен еңбектеніп жүріп, үйренеді. Мектеп директорының орынбасары болып қызмет ететін Семенович деген орыс сол кездегі бірінші хатшы Әлжан Өтегеновке Еламанның сауатты, білімді екенін айтады. Содан соң ол оны аудандық комитетке жұмысқа шақырады. Бір жылдан соң аудандық газет шығару туралы бұйрық келеді. Сөйтіп, алғаш рет ашылған «Ленин жолы» газетіне жауапты хатшы болып тағайындалады.

Міне, небәрі 19 жасында жұлдыздай жарқ етіп, Отанын қорғау жолында қыршан кеткен Еламан ағамыздың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында редакция ғимаратының қабырғасына ескерткіш тақта қойылды. Ескерткіштің салтанатты түрде ашылу салтанатына Еламан Қабсалықовтың інісі Есенаман Қабсалықовтан тараған ұрпақтары, ардагер-журналист Бағыт Көшербаев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің аудандық газеттермен жұмыс бөлімінің басшысы Лена Нұрбаева, аудан әкімінің орынбасары Зұлқарнай Мұқаш, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрғали Аруевтер қатысты.

taq26621

- Сұрапыл соғыс кезінде небәрі 19 жасында қаза тапқан Еламан Қабсалықовтың есімін ел жадында жаңғыруына үлес қосып жатқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіреміз. Газет қашанда халықтың көзі, құлағы һәм тілі демекші, күнделікті өмірде болып жатқан жаңалықтарды халыққа дер кезінде жеткізуде ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбектері орасан. 80 жылдық тарихы бар төл басылымда талай талантты тілшілер қауымының өзіндік ізі қалды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған газеттің мерейтойлық мерекесімен баршаңызды құттықтай отырып, алдағы жұмыстарыңызға тек шығармашылық табыстар тілеймін, - деді аудан әкімінің орынбасары З.Мұқаш.

lena26621

Келесі сөз кезегі «Атырау-Ақпарат»ЖШС-і аудандық газеттермен жұмыс бөлімінің басшысы Л.Нұрбаеваға берілді.

- Бүгін аудан тарихы үшін ерекше күн. «Ленин жолымен» басталып «Жайық шұғыласында» жалғасын тапқан аудан баспасөзі өзінің бүгінде 80 жылдық тарихын қалыптастырып отыр. Газет тарихында өзіндік қолтаңбасы қалған тұлғалар жайлы құнды мақалалар жарияланып келеді. Олардың өнегелі өмір жолы мен өлшеусіз еңбегін бүгінгі ұрпаққа жеткізу басылымның алдындағы міндет деп есептейміз. Ал бүгінгі шарада соның куәсі болып отырмыз. Баршаңызға, соның ішінде газет ұжымына алдағы жұмыстарыңызға тек сәттілік тілеймін, - деді ол.

Шара барысында сөз алған Еламан Қабсалықовтың інісі Әлжан Қабсалықов ағасының өмір жолы жайлы әңгімелеп, бүгінгі шараның өтуіне атсалысқан аудан басшылары мен газет ұжымына алғысын білдірді. Редакция ғимаратының қабырғасына орнатылған Еламан Қабсалықовқа арналған ескерткіш тақтаның  ашылу рәсімі ардагер-журналист Бағыт Көшербаев пен бөлім басшысы Лена Нұрбаеваға табысталды.

taqta26621-1

taqta26621-2

Шараға қатысушы қонақтар дастарқаннан дәм татып, жылы лебіздерін білдірді.

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521