«Махамбет» командасы Е.Қабсалықов атындағы турнир жеңімпазы

«Жайық шұғыласы» газетінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында, газеттің алғашқы жауапты хатшысы Еламан Қабсалықовты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында кіші аяқ доптан турнир ұйымдастырылды.

Турнирдің ашылу салтанатының алғашқы сөз кезегі «Жайық шұғыласы» газетінің бас редакторы Баян Сүлейменқызына берілді.

- Өткенсіз бүгін жоқ екені ақиқат. Аудандық басылымның ең алғашқы саны 1941 жылы 19 наурызда оқырманға жол тартқан. Сол кезде жауапты-хатшы Еламан Қабсалықов болған. 19 жасында соғысқа атанып, қайта оралмаған. Өткенді насихаттау, сұм соғыста қыршын кеткен қаламгердің есімін жас ұрпаққа дәріптеуді басты міндетіміз деп білеміз. Осы міндетімізді орындау әрі өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулу мақсатында кіші аяқ доптан турнир өткізіп отырмыз. Осы тұста, Еламан ағамыздың ағайын-туыстарына, аудан әкімшілігіне, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, спорт бөлімдерінің басшыларына алғысымызды білдіреміз. Қатысушы командаларға тек сәттілік серік болсын деп тілеймін, - деді Б.Сүлейменқызы.

Сөз кезегін алған Еламан Қапсалықовтың немере қарындасы Айман Есенаманқызы жас футболшыларға сәттілік тіледі. Ойынға барлығы 6 команда қатысты. Оның шарты мен ережесін бас төреші Асқар Бақтығалиұлы түсінідіріп өтті. Бірнеше сағатқа созылған турнир аяқталып, нәтижесі шығарылды.

Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бірінші командасы І орынды жеңіп алса, жүлделі ІІ және ІІІ орынды Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің екінші командасы мен Бейбарыс командасы өзара бөлісті. Ал, Сарытоғай командасы төртінші, Таңдай командасы бесінші орындарды еншіледі.

Сонымен қатар, Бейбарыс командасынан Шыңғыс Қадырбай «Үздік қорғаушы», Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасынан Мансұр Сәлімгерей «Үздік шабуылшы», Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасынан Иляс Қалиасқаров «Үздік қақпашы», Бекзат Асхатов «Үздік төреші» атағына лайық дп танылды.

Балнұр САПАРОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT