Белгілі қаламгер Мақсат Тәж-Мұрат бастаған алматылық меймандар Есбол ауылына арнайы ат басын бұрып, «11 ауылдың Павлик Морозовы», «Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» кітаптарының тұсаукесерін жасады.
«Ақжайықтан түлеп ұшқан тарланбоз» атты кездесуде әдеби ортада қаламы жүйрік қаламгер, танымдық тақырыпта толғамды еңбектер жазып жүрген ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы –эссеист, филология ғылымының кандидаты, бірнеше кітаптың авторы Мақсат Тәж-Мұрат өзінің Мақат өңірінің тумасы екенін, бақытты балалық шағын, қаламгерлікке, жазушылыққа келу жолдарын әсерлі әңгімеледі. Қаламгер апасының арқасында қазақ жазушысы болып қалыптасқанын, әр баланы ана тілінде оқытудың маңызы ерекше екенін, өзінің «Орыс тілі сабағы» деген әңгімесі барын, ауыл тақырыбында «Қошқармен қоштасу», «Бір топ кілт», «Кішкентай» деген әңгімелер жазғанын еске алды. Ол Қылышбай Сүндетұлы айтқан әңгімелер бір сәтке есінен шықпай, 11-ауылға арнайы келіп, мектеппен, ұстаздармен танысып, бұрын Ж.Дөкесов іргетасын қалаған ескі мектеп, монша, интернатты, Қылышбай тұрған үйді көріп, ауыл тұрғындарымен кездескенін айтты. Кей жерлердің орны ғана қалғанын, ауыл баласы-Қылышбай арқылы «Павлик Морозовты» сомдағанын баяндады. Бұл кітап Павлик Морозов қырдың басына алып шыққанын, Атырауда да кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылғанын тілге тиек етті. Сол бір кездегі мектеп оқушысы Қылышбай Сүндетов «Жайық шұғыласы»(бұрынғы «Малды өңір») газетіне шағын ауылдағы оқиғаны мақала етіп жариялауының өзі үлкен ерлік екенін, шындықты жазу, сол замандағы бай мен кедей күресі, бала Қылышбай не жазса да өмір шындығын жазғанын еске салды. Ол осы ауылдың тумасы, мектеп кезінде интернатта жатып оқығанын, ауылда алма бақ болғанын айтты. Сол заманның өзінде жас жігіт Қылышбайдың әділдікті аңсауы оны адал қызметке әкелгенін, елге болсын деп еңбек етіп келе жатқанына тоқталды. Меймандарға Есбол мектебінің 4-сынып оқушылары ән- шашуын арнады.
Қылышбай Сүндетұлы мектеп оқушыларына кітаппен дос болып, газет-журналды көп оқуға шақырды. Туған жерге деген сағыныш бұратынын, өскен ауылыңа ештеңе жетпейтінін, осының бәрі тарих,тұнған тәрбие, қасиеттің бәрі ауылда жатқандығын меңзеді.
Алматылық мейман Сәтенов Нұролла ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан 11-ауылға келіп, жұмыс жасағанын, жолдасы Әлима мектепте мұғалім болғанын еске алды. Ол Гүлнара деген қызы осы Есболда туғанын, бүгінде Алматы қаласында тұратынын, Мақсат екеуі құрдас екенін, көп жылдан жұбы жазылмаған достар екенін айтты.
Ауыл тұрғыны Сәлімжан Жалмұханов Қылышбай өзінен бір жыл жоғары оқығанын, Фурмановтан мектеп бітіргенін, мақалаларын аудандық «Малды өңір»(«Жайық шұғыласы») газетіне жиі жариялағанын, өлең де жазғанын еске алды. Сыныптас досы Теміржан Есенғалиев Қылышбай аңқылдақ, мінезі жайсаң, ашық жан екенін, бірге ойнап, бірге жүргенін, «Малды өңір» газетінде «Түйелер жүр шөлдеп» деген фотоэтюді шыққанын, үш мектепке арнап гимн жазғанын айта кетті.
Қызылүй орта мектебінің директоры Қонысбай Аманиязов Қылышбай Ақжайықта ауыл әкімі болған кезіндегі естеліктерін әңгімеледі. Ол кезде жұмыссыздық жайлаған уақытта еселі еңбек еткенін, Қылышбай ауылда наурыз той ұйымдастырғанын, оған бәрі атсалысқанын еске алды. Сарайшық мемлекеттік-тарихи- мәдени музей-қорының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Әбілсейт Мұқтар да Қылышбай Сүндетұлы туралы естеліктерін ортаға салды.
Жазушының екі кітабының тұсаукесер рәсімі өтіп, оның алқызыл лентасын ауыл азаматтары Темірхан Есенғалиев пен Қонысбай Аманиязов қиды.
Мақсат Тәж-Мұраттың «Он бірінші ауылдың Павлик Морозовы» повестімен қатар оның «Біздің елдің ұлтаны мен сұлтаны» эсселер жинағы да 2024 жылы Алматы қаласында «АRNA-B» баспасынан жарық көрген. Кездесу соңында жазушы Мақсат Әнесұлы барша жиналғандарға, мектептің өнер тарландарына батасын берді. Білім алушыларға ақ тілегін арнады.
Кездесуді Атырау облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы ҚБ аудандық комитеті филиалы төрайымы Торғын Бергарина қорытындылап, қонақтарға ескерткіш сыйлықтар ұсынды.
А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА