Балық аулауды сүйікті ісіне айналдырғандар үшін ауа райының қай мінезі де тосқауыл емес. Десе де, қыстыгүні көлдің басына қос тігіп, сүйменмен ойық ойып балық аулайтындар жазатайым оқиғалардың алдын алғаны дұрыс.
Осы ретте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары мұз үстінде профилактикалық рейд жүргізіп, балықшыларға мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіреді.
Қалыңдығы 25 сантиметрден кем мұзға шыққан кезде балықшы өзімен бірге ысқырық, құтқару жилеті, құтқару ілгектері, ұзындығы кемінде 12 метр, диаметрі кемінде 11 мм арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ, су өткізбейтін пакетке салынған ұялы телефон болуы қажет. Мұз бетінде тұрған кезде мұз жарылып кетсе қолыңызда ұзындығы 2 метрден кем емес таяқ болса, соған сүйеніп шығуға болады. Құтқару ілгектері мойынға тағылады. Құлаған кезде құтқару ілгектері мұздан оңай шығуға мүмкіндік береді. Балықшылардың көбі бұл құралды елемейді. Олар көбінде пышаққа сенеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда пышақтың көмегі бола бермейді.
Қыс мезгілінде балықшыларға берік арқан міндетті түрде керек. Ол қиындыққа тап болған басқа балықшыларды құтқару үшін қажет болады. Оқыс оқиғаға тап болған адамның қандағы адреналин деңгейі жоғарылап шок алуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам қатты айқайлап, көмекке шақыра алмайды. Қатты ысқырық басқалардың назарын аударуға көмектеседі. Оны қолжетімді жерде ұстаңыз. Құтқарушыларды шақыру үшін телефон қажет болады. Телефонды су өткізбейтін жағдайда ұстаңыз. Құтқару кеудешесі суға батып кетпеуге көмектеседі.
Мұз үстінде жалғыз жүрмеуге тырысыңыз, достарыңызбен бірге жүріңіз немесе басқа балықшылардың шоғырына жақын болыңыз. Төтенше жағдайда алыстан көріну үшін ашық және түрлі түсті әрі қалың киімдерді киіңіз. Ылғалданған жағдайда сыртқы қабат киімдерді тез сығып, қарға сүртуге болады. Ол суды тез сіңіреді. Мұзда жүргенде қасыңыздағы адамдармен арақашықтықты сақтаңыз. Мұзға автокөлікпен шығу қауіпті. Мұзға тек арнайы жабдықталған өткелдер арқылы шығуға болады. Төтенше жағдай кезінде 112 немесе 101 нөміріне хабарласу қажет.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі