Жақында Ақжайық ауылының бүлдіршіндері балабақшаға баруын тоқтатады. Себебі, ғимараттың апатты жағдайда болуына байланысты бүлдіршіндер мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамта- масыз ету мақсатында бөбекжай-бақша осы жылдың 9 ақпанынан бастап жұмысын толықтай тоқтату туралы шешім қабылданды.
1979 жылы типтік жобамен іргесі қаланған «Арай» бөбекжай – бақшасының жалпы алаңы 734,3 га. құрайды. Қазіргі уақытқа дейін 3 топта 70 бала тәрбиеленіп келсе, тағы 42 бала кезегін күтіп отырған-ды. Күні бүгінге дейін балабақша 29 қызметкерді жұмыспен қамтып отырды. Оның 12- сі тәрбиеші болса, 17-сі техникалық қызметкерге жатады.
«Балаларға арналған ғимараттың жайын 2021 жылдан бері айтып келе жатырмын, бірақ еш нәтиже болмады» деп шырылдаған меңгеруші Мөлдір Маханованы да бүлдіршіндер мен қызметкерлердің ендігі жайы алаңдатып отыр.
– Мен осы «Арай» бөбекжай- бақшасына 2020 жылы меңгеруші болып келдім. Бір жылдан кейін ғимараттың ішіндегі олқылықтарды байқап, балабақшаның жай- күйін бақылау үшін 2021 жылдың 12 сәуірінде «ТехЭксперт-Эко» шектеулі серіктестігін шақыртып, техникалық тексеру жұмыстарын өткіздік. Оның қорытындысы бойынша ғимараттың 56%-дан астам физикалық тозулары бары анықталған. Сол жылғы қорытындыға сәйкес, «негізгі салмақ түсетін элементтерін сақтай отырып, қалпына келтіру немесе қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге болады» деген мамандар. Алайда, 2023 жылы мамыр айында ТДО «FUTURE PROJEST» мекемесі ғимаратқа қайтадан техникалық тексеру жұмыстарын жүргізіп, ғимарат пен құрылыстың нақты техникалық жағдайы жүз пайыз апатты деп танылды. Қазіргі таңда біз ғимаратты босатып, жинау жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Барлық ата-аналар мен қызметкерлерге ескертілді. Әйтсе де басшы ретінде уақытша болса да жұмыссыз қалатын қызметкерлер үшін, қараусыз қалатын балалар үшін алаңдап отырмын,-дейді бөбекжай меңгерушісі.
Елу жылға жақын уақыт елге қызмет еткен ғимараттың бүгінгі жайы толық жарамсыз. Балабақшаның балалар кіретін топтарының сыртқы, ішкі есіктері салмақпен қысылып ашылмай, қызметкерлердің көмегімен есіктердің қабырғаларын жонып ашуға тура келген. Ал, ғимараттың іргетасы жылдан жылға отырып, сылақтар жарығы ашылып жатыр. Биылғы жылы бөлмелердің қабырға жарлары сөгіліп, қауіп төндірген соң оны мүлдем жауып тастау туралы шешім шығып отыр. Бір ауылдың жүзден астам баласы мұқтаж болып отырған бөбекжайдың жайы тезірек шешілсе екен деп, тұрғындар да билік басындағыларға өз өтінішін білдіріп отыр.
– Осы «Арай» балабақшасына өз балаларым да барып өсіп-өнді. Кейін міне, екі бірдей немеремді тәрбиелеуге беріп отырғанбыз. Жалпы, мектеп жасына дейінгі балаларды дамытуға, олардың бойында жақсы дағдыларды қалыптастыруда балабақшаның атқаратын рөлі зор. Үйдегі тәрбие бөлек, бақшадағы тәртіп бір басқа. Ауылымыз шағын болса да адам саны, жас отбасылар саны жылдан жылға артып келеді. Жастардың ауылға тұрақтап қалуы үшін, еңбекке араласуы үшін жағдай жасалса дейміз. Бір күнде бақшаға бара алмай қалған 70 баланың жайы мені де әже ретінде алаңдатады. Бұл мәселенің айтылып келе жатқанына да біраз жыл болды. Неге осы күнге дейін бір лайықты ғимарат салу мәселесі қаралмады деген сауал туындайды. Барша ауылдастар, ата-аналар атынан аудан басшыларына, ел ағаларына осы өтінішіміз жетіп, уақытша болса да ыңғайлы ғимарат тауып беруін сұраймын,-дейді Ләззат Құрақбаева есімді ауыл тұрғыны.
«Бөбекжай-бақшаға арналған ғимарат биыл салына ма? Жұмыстан бос қалған қызметкерлердің жайы не болмақ?» деп аудандық білім бөлімінің басшысы Венера Қабышеваға хабарласып көрген едік.
– Аталмыш бөбекжай-бақшаның жұмысы ағымдағы жылдың 9 ақпанынан бастап тоқтайды. Ал уақытша жұмыссыз қалатын қызметкерлер үшін біржолғы өтемақы төленеді. Ақжайық ауылында қазіргі таңда уақытша пайдалануға арналған тұрғын үй немесе бос тұрған ғимарат табылмай тұр. Біз жалға алуға да іздеп көрдік. Ал, жаңа ғимарат құрылысы 2025 жылы басталады деп болжанып отыр. Әзірге балабақшаның жобалық – сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр.
Ақжайықты алаңдатқан мәселе шешімін қалай табады? Апатты деп танылғанына біраз жыл болған ғимараттың орнына қашан жаңа балабақша бой көтереді? Бүлдіршіндердің болашағын ойлаған ата-аналардың өтінішіне әкімдік қандай жауап береді? Бұл туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінде толығырақ жазатын боламыз.
А.ҚАНАТБАЙ