Ағымдағы жылдың қаңтар айында әлеуметтік желіде Махамбет ауданы, Есмахан ауылы тұсындағы Үшкөпір учаскесіндегі Бақсай су жүйесінің маңындағы көктемгі өр суынан бөлініп қалып қойған жайылма судан балық шабақтарының тұншығу бейнежазбасы таралған болатын.
Балық ресурстары мен басқа да су жануарларына төнген қауіп-қатер және олардың қырылуы анықталған жағдайдағы жоспарлы әрекеттерге сәйкес, Жайық- Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастыруымен, аталған жайылма судан қаңтар айының 14-і мен 23- і аралығында инспекцияға қарасты Махамбет, Атырау, Теңіз, Дамбы инспекциясы бөлімдері, балық шаруашылығы бөлімі, сондай - ақ жергілікті атқарушы орган, Таңдай ауылының еріктілері, әскери қызметкерлер, «ҚазСуШар» мекемесі, балық шаруашылығы субъектілері бірлесіп, жайылма судан балық шабақтарын құтқару жұмыстары жүргізілді.
Аталған шарада судан арнайы сүзу құралдары арқылы балық шабақтарын сүзіп шығарып, тонналық ыдыстарға жинақтап, автокөліктермен тасымалдау арқылы Жайық өзеніне тірі күйінде жіберілді. Нәтижесінде 9 млн 270 мың дана Мөңке, сазан балықтарының шабақтары құтқарылды. Аталған жайылма су қазіргі уақытта бөлім мамандары және атқарушы орган мамандарының бақылауында.
Т.ЕСМУХАНОВА,
Махамбет балық инспекциясы бөлімінің бас маманы