9 шілде – Су шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр түкпірінен сала мамандарын қабылдап, Ақ орданың төрінде салтанатты жиын өтті.
Халықтың тіршілік нәрі, ауыл шаруашылығының келешегі саналатын табиғаттың байлығын қорғау, үнемдеу бағытында елімізде кешенді жұмыстар атқарылмақ. 2040 жылы елімізде ауыз суға сұраныс артуы мүмкін дейді мамандар. Сол себепті осы мәселелерді реттеу үшін Су шаруашылығы және ирригация министрлігі құрылған еді.
«Су – бүкіл тіршіліктің көзі. Су әлемдегі барлық елдер үшін аса маңызды стратегиялық маңызды ресурс. Біздің кең-байтақ жеріміз бар. Алайда ел аумағының басым бөлігі – шөл және шөлейт жерлер. Сондықтан Қазақстан үшін су мәселесі – Ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек артық болмайды. Бұл сала әрдайым мемлекеттің айрықша назарында» деген еді бас қалада өткен салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар биылғы жылдан бастап елімізде су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы өсетіні белгілі болды. Мамырда 25, ал шілдеден бастап 50 пайызға дейін Қазсушар мекемесі мамандарының айлығы көтеріледі.
Кәсіби мереке қарсаңында Президент қолынан марапат алғандар арасында салаға өмірінің 30-40 жылын арнаған ардагерлермен бірге еңбек жолын жақында бастаған жас мамандар да бар. Солардың бірі, жерлесіміз, қырық жылдан астам өңірдің су шаруашылығы саласында еңбек еткен ардагер Қами Сариев болды. Сонау 1979 жылы еңбек жолын «Төменгі Жайық суландыру жүйелері басқармасында» машинист болып бастаған. 1984 жылы осы салада механик қызметіне ауысқан. Ал, 2007 жылдан бері «Қазсушар» РМК Атырау филиалына қарасты Төменгі Жайық өндірістік учаскесінің бас механигі қызметіне тағайындалған.
Қырық жыл қалтқысыз қызметінің құрметіне бүгінде ардагер ағамыз Мемлекет басшысының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алып келді. Бұл марапат Қами Өтегенұлының ғана емес, Махамбет ауданының, осы саладағы қызметкерлердің мерейі деп білеміз.
Бүгінде су шаруашылығы мамандығы бойынша білікті кадрдың жетіспеушілігі мәселесі де өзекті болып отыр. Сондықтан осы мамандыққа бөлінетін грант саны екі есе артқан. 500-ден астам бюджет қаржысына білім алып жатқан студент оқуын аяқтаған соң «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істеуге жолдама алмақ.
А.САТАЕВА