Тұрғындарды толғандырған мәселе көп

Бақсай ауылдық округ тұрғындары ҚР Парламент Сенаты депута­ты Әлібек Нәутиевпен кездесті. Халық қалаулысы кездесуде Сенат қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар, қабылданған, әлі де қаралу үстіндегі заңдар, республикалық бюджет қалыптасуы, салық саясаты туралы кеңінен ақпарат берді. Ал ауыл тұрғындары өздерін көптен бері толғандырып жүрген мәселелерді көтерді.

Солардың бірі №17 Томан теміржол бекеті маңындағы тұрғындардың Бақсай ауылдық округі аумағына кіретін Атырау-Астрахан тас жолы мен Каспий теңізі жағалауы арасындағы 60 мың гектардан астам жерді Иса­тай ауданына қосу туралы мәселе бірнеше рет көтерілгені, оған округ жұртшылығының наразылығы ба­рын жеткізді. Тұрғындар бұл мәселеге біржолата тоқтау салуға ықпал етуді сұрайды.

Сонымен қатар Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебінің апатты жағдайда екені анықталып, болашақта жаңа мектеп ғимаратын «Жайлы мек­теп» жобасына енгізуге, оған қаржы бөлдіруге, құрылыс жұмыстарының басталуына қолдау көрсету сұралды.

Ауылішілік жолдар салу бары­сында жоспарға енбей қалған және инженерлік-коммуникациялық жүйелері жүргізілген жаңа көшелерге асфальт төсеу, сондай-ақ Көздіқара, Есмахан елді мекендеріне кірмежол салу мәселелері де көтерілді. Бұл жұмыстарға қаржы бөлу, тиісті құрылыс жұмыстарына ықпал ету қажеттігін де еске салды.

Сенат депутаты Әлібек Нәутиев көтерілген мәселелердің барлығы өзекті екенін атап өтіп, оларды алдағы уақытта жеке бақылауына алатынын, шешілуіне ықпал ететінін айтты.

Кездесу соңында ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, абыройлы еңбек жо­лынан өткен 10 зейнеткер мұғалімге «Еңбек ардагері» медалі тапсыры­лып, ерекше құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, ардагер-ұстаздар Бакиза Аубакирова, Дәмеш Алтаева, Сара Мүскенова, Ақсұлу Тасанова, Күләш Насенова, Жұмабике Әбенова, Ақбөпе Мырзағалиева, Гүлайым Иманбаева, Гүлнарай Тұяқова, Анура Газизуллина «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне тақты. Бұл ел болашағы үшін аянбай жұмыс жасаған ұстаздар еңбегіне берілген лайықты баға.

А.ҚУАНЫШҚАЛИЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT