Әкем де, ағам да соғыс көрген

Өткенін қадірлеуді ел ертеңіне ие болатын жастарымыз ұмытпаса екен.

Сан мыңдаған адамға қуаныш пен үміт отын жаққан жеңіс туының желбірегеніне биыл 75 жыл толды. Бүгінгі бейбіт заман, ашық аспан оңайшылықпен келмеді. Ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен осынау кең байтақ жерді қорғап, аманат етіп қалдырды. Әлемде болып жатқан ахуалға байланысты ұлы мерекені тиісті деңгейде тойлай алмадық. Дүние жүзінде, әсіресе, батыста Отан соғысында Кеңестік Одақ құрамында болған елдерінің жеңіске қосқан үлесін жоққа шығарғысы келеді. Бұл дұрыс емес екені белгілі, аталарымыз сол кезде отанын қорғауға кетіп, өздерінің азаматтық борыштарын өтеді. Менің әкем де, ағам да солардың қатарында.

Әкем Қабдолла 1888 жылы Тайсойған өңірінде, қарапайым отбасында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы кетіп, 1944 жылдың аяғында ауыр жарақат алып, әскери госпитальда емделгеннен кейін елге оралады. 1918 жылы туған үлкен ағам Әжен Қабдоллаұлы (суретте) да сол жылы соғысқа кетіп, 1943 жылдың басында немістердің қоршауында қалып, тұтқынға түседі. Сол уақыттарда Польша, Германия, Францияда орналасқан концлагерлерде екі жылға жуық уақыт отырғаннан кейін, ебін тауып, жанындағы екі орыс жігітпен бірге қашып шығады. Неміс фашистері тізе бүгіп, Рейхстагқа жеңіс туы тігілгенге дейін жеткен Әжен ағам 1947 жылдың басында ауылға оралады. Ауылға оралған соң, шаңырақ көтереді. Тұңғышы ер бала, кейін қыз бала болады, бірақ сол замандағы тұрмыстың төмендігі әсер етсе керек, екеуі де шетінеп кетеді.

Мен өзім 1946 жылы дүние келдім, сол жылдың қазан айында әкемнің соғыста алған жарақаты асқынып кетуі салдарынан өмірден озды. Сөйтіп, мен 6 айлық кезімде әкеден жетім қалдым. Соғыстан кейінгі елдің жағдайы тым ауыр болған. Ішерге ас, киерге киім жоқ. Осының бәрі майданнан Жеңіспен оралған жауынгерлерге оңай болмады. От пен оқтың ортасынан аман келген солдаттар отбасын асырау үшін еңбекке араласты. Әжен ағам келгеннен кейін 1949 жылдың аяғында «сендер концлагерде тұтқында болдыңдар, халық жауысыңдар» деп ұстап алып кетеді. Тергеу жұмыстарынан кейін оны 25 жылға соттап, Сібірге айдап жіберді. Анамыз бен жеңгеміз үш шиеттей баланы бағып-қағып, өсіріп жеткізді.

Сібірде кеңестік концлагерде болып, көп азап көргеннен кейін 1955 жылы реабилитация жүргізілген мезгілде елге оралды. Содан кейін ғана тұрмысымыз ақырын түзеле бастады, кішкентай кезіміздің өзінде ағамызға үй салуға көмек бердік. Ағамыз Махамбет ауданында «Сберкассаның»» бас бухгалтері болып абыройлы қызмет етіп, зейнет жасына шыққаннан кейін 68-ге қараған шағында дүние салды. Одан кейін туған Ислам, Амангелді деген ағаларым бар.

Өзім жетпістің бесеуінен асып бара жатырмын. 90-шы жылдары кәсіпкерлік саласына бет бұрып, Ұлы Жеңіске үлес қосқан жандарды қолдауға бағытталған қорға қаржылай көмек бере бастадым. Кейінгі ұрпаққа идеологиялық тәрбие бере отырып, жеңістің оңай келмегенін айтуымыз керек. Шынтуайтында, барша ұлттың тағдырын шешкен - Ұлы Жеңіс. Өткенін қадірлеуді ел ертеңіне ие болатын жастарымыз ұмытпаса екен деймін.

Бағытжан ГАБДУЛЛИН

кәсіпкер-меценат, Махамбет ауданының Құрметті азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521