Алғыс айту адамдар арасындағы сенімді, сыйластықты арттыратын амал болып саналады.
Адамның жан дүниесін тазартатын, жүрегін жұмсартатын, мейірімін оятатын сауапты іс. Әсіресе, бір мүддеге негізделген, бір құндылықты бөліскен, бір мекенді ортақ Отан еткен адамдар арасындағы алғыс пен сыйластық қоғамның рухани тыныштығына,бауырмалдылығына, Алланың ризашылығына қауыштыратын амал.
Алғыс айтуға қатысты ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) хадистерінде баян етіледі:
«Адамдарға алғыс айта алмаған адам, Аллаға шүкір ете алмайды», «Адамдарға алғыс (шүкір) айтпағанның, Аллаға алғысы (шүкірі) жоқ», – десе, енді бір хадисінде: «Сендерге жақсылық жасағанға жақсылығына сай оған да жақсылық жасаңдар. Оның жасаған жақсылығына тең келетін нәрсе таба алмасаңдар, теңестіргенге дейін оған дұға етіңдер», – деп, сахабалары мен үмметін сыйға сый жасауға шақырады. Хазірет Әли (р.а.) былай дейді: «Кейбіреулер бір нәрсе тілеп құлдық ұрады. Бұл – саудагердің құлшылығы. Бәзбіреулер қорыққанынан құлшылық жасайды. Бұл – малайдың құлшылығы. Тағы біреулер шүкірлік жасау үшін құлшылық етеді. Міне, бұл – күллі жағымсыз істерден аулақ түрде жасалған, таңдаулылардың (хауастардың) құлшылығы», - деген екен.
Сондықтан, айналамызға алғыспен қарау, басымызға келетін көптеген қарғыстан құтылудың жолы екендігін естен шығармағанымыз дұрыс деп санаймын.
Е.ИМАНҒАЛИЕВ,
аудандық мешіттің бас имамы
Сурет:дереккөз