Оқушылар «Мектеп жанындағы жылыжай» жобасын жүзеге асырмақшы.
Оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатында осыдан екі жыл бұрын Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясында еріктілердің басын қосқан «Экомектеп» экологиялық жобасы қолға алынған-ды. Жуырда бес оқушыдан құралған «Экомектеп» командасы «Caravan of Knowledge» білім беру қоғамдастығы ұйымдастырған «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанып, өз жобаларын жүзеге асыруға 700 мың теңге грант ұтып алды.
«Shell» компаниясының қолдауымен өткен байқау Атырауда алғаш рет өткізілді. «Shell Nxplorer» – инновациялық білім беру бағдарламасы. Бұл жерде қатысушылар күнделікті өмірдің комплексті проблемаларын шешу мақсатында арнайы құралдар мен әдістемелерді, сыни және шығармашылық ойлаудың дағдыларын үйренеді. Байқау «Jasyl fest» эко-фестивалі аясында өтті. «Jasyl Fest» – бұл NХ халықаралық әдіснамасын қолдану арқылы ғылыми қозғалысты насихаттауға және жобалық мәселелерді шешуге бағытталған фестиваль.
Фестивальге барлығы 700-ден астам қатысушы қатысып, Атырау облысы мен қаладан 9 команда қазылар алқасы алдында жобаларын қорғады. Барлық қатысушылар экология, ғылым тақырыбында жетекші мамандардан дәрістер мен семинарлар тыңдауға мүмкіндік алды. Қазан айында басталған «NXplorers: Жасыл ұрпақ бәйгесі» ғылыми жобалар байқауына Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының 9-10 сынып оқушылары – Айсана Қабдолова, Жанияз Сапаров, Жансая Бауыржан, Бекарыс Нұрғалиұлы және Еркежан Әлиханқызы қатысты. Жетекшісі – биология пәнінің мұғалімі Ақтолқын Сәлімжанқызы.
– Оқушылардың бұл байқауға қызығушылығы жоғары деңгейде болды. Олар ауданда жылыжай салып, көкөніс өсіріп отырған кәсіпкер Артур Қожантаевтың шаруашылығымен танысуға мүмкіндік алды. Кәсіпкерден бірқатар ақпарат ала білді. Ал біздің жобамыз «Мектеп жанындағы жылыжай» деп аталды. Сметасын нақтылап жасадық, осы жобаны жүзеге асыруымыз керек. Ұтқан қаржы жеткіліксіз болса, кәсіпкерлер тарапынан қолдау боларына сенеміз. Жылыжайдың ерекшелігі – тамшылатып суару технологиясының жүргізілуі және электр энергиясын үнемдеу мақсатында диодты шамдардың орнатылуы. Бұл жылыжайда қияр мен қызанақ өсіретін боламыз. Мектепте оқушыларды табиғатты аялауға, экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Эко мектеп» жобасының тиімділігі байқалды әрі нәтиже айқын көрінді. Бұл тұрғыда мектеп директоры Талшын Ғабитқызына және жобаны қорғау барысында көмектескен мектебіміздің ұжымына алғыс білдіреміз,- дейді «Эко мектеп» жобасының жетекшісі Ақтолқын Сәлімжанқызы.
«Nxplorer: Жасыл ұрпақ бәйгесі»-не қатысудың мұғалімдерге де, оқушыға да берері мол. Ұстаздар жобаны құру және мәселелерді шешудің өзекті әдістемелерін үйреніп, бағдарламадан тыс сабақтарда немесе басқа жобаларда қолдана алады. Оқушылар жобаларды құрудың, презентация мен сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың бірегей мүмкіндіктеріне ие болады. «Nxplorer: Жасыл ұрпақ бәйгесі» – Қазақстанға арналған «Shell Nxplorer» жаһандық инициативасының бір бөлігі. Қатысушылар экология және табиғатты қорғау салаларында жобаларды қорғайды. Қазақстаннан бөлек, «Shell Nxplorer» бағдарламасы Сауд Арабия, Австралия, Бразилия, Бруней, Мысыр, Үндістан, Катар, Қытай, Малайзия, Нигерия, БАӘ секілді мемлекеттерде өтеді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ