Махамбет ауданында ауыл жастарына арналған “We Talk” консультациялық алаңы ұйымдастырылды

2025 жылдың 28–29 сәуір күндері Атырау облысы, Махамбет ауданында ауыл жастарына арналған “We Talk” атты консультациялық алаңы ұйымдастырылып, жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері кеңінен түсіндірілді.

Жоба Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының тапсырысымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының (КЕАҚ) қолдауымен, «Болашаққа Қозғалыс» жеке қорының және Махамбет аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда.

Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде тұратын жастарға кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, білім алу және әлеуметтік қолдау бағыттарында нақты әрі қолжетімді ақпарат ұсыну.

Алаң барысында қатысушыларға қайтарымсыз гранттар, микрокредиттер, «Бастау Бизнес» бағдарламасы, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», техникалық және кәсіптік оқыту курстары секілді мемлекеттік бастамалар туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жастар бизнес-жоспар құрастыру, онлайн тіркелу, грантқа құжат тапсыру, мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді пайдалану жөнінде тәжірибелік кеңес алды.

Алаң қамтыған елді мекендер мен орындар:

  • Бейбарыс ауылдық округі – “Жас Дәурен” мәдениет үйі;
  • Бақсай ауылдық округі – Таңдай ауылдық мәдениет үйі;
  • Есбол ауылдық округі – “Самал” мәдениет үйі;
  • Махамбет ауылдық округі – Жастар ресурстық орталығы.

Шараға 150-ден астам жас қатысты. Олардың қатарында жұмыссыз жүрген жастармен бірге көпбалалы аналар, әлеуметтік осал топ өкілдері мен NEET санатындағы жастар да болды. Бұл алаң жастарға өзекті мәселелерін көтеріп, мамандардан жеке консультация алуға, тәжірибе алмасуға және пайдалы байланыстар орнатуға мүмкіндік берді.

“We Talk” консультациялық алаңының ерекшелігі – әр қатысушыға жеке бағыт-бағдар берілуінде. Қатысушылар мемлекеттік бағдарламалардың шарттарымен танысып қана қоймай, өз жобаларын әзірлеу және ұсыну жолдарын да үйренді. Жастар белсенділік танытып, өз болашақ кәсібін бастауға ынта білдірді.

Жоба аясында ауыл жастарының арасында кәсіпкерлікке деген қызығушылықтың жоғары екені байқалды. Осындай ақпараттық-кеңес беру алаңдарын ұйымдастыру жастардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға, экономикалық және әлеуметтік интеграциясын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да кең ауқымды консультациялық алаңдарды жалғастыра отырып, ауыл жастарына жүйелі түрде бағыт-бағдар беруді жоспарлап отыр.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT