Аграрлық саланың үздіктері марапатталды

Атырау облысында Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған сал­танатты жиын өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысып, сала ардагерлері мен үздік еңбеккерлерге құрмет көрсетті.

Жиында облыс әкімінің орын­басары аграрлық сектордың өңір экономикасындағы рөлін атап өтіп, Президент жүктеген міндеттер ая­сында ауыл шаруашылығының за­манауи моделіне көшу, өнім өңдеу көлемін арттыру, экспорттық әлеуетті дамыту, сондай-ақ цифрлық техноло­гияларды енгізудің маңызын айтты.

– Өңірдің әлеуметтік - экономикалық дамуына қосып отырған үлестеріңіз зор. Ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Сіздердің та­банды еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Алдағы уақытта да жаңа жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін,- деді Марат Бисенғалиұлы.

Кәсіби мереке аясында Махамбет ауданының шаруалары мен аграрлық сала мамандары да лайықты бағасын алды. Облыста ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аймақ саналатын Махамбет ауданы жыл сайын өңірдің азық-түлік қорын қамтамасыз етуге, агросаланың тұрақтылығын сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Сол еңбектің жемісі ретінде ауданның бірқатар білікті маманы облыс әкімінің, облыстық мәслихат төрағасының және салалық басқармалардың мара­паттарына ие болды.

Атырау облысы әкімінің Алғыс хаты «Нұрлан» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Кенжеғалиевке және «Первомайский» ЖШС-нің бас есепшісі Күләш Тайбақтиеваға, ал облыстық мәслихат төрағасының Алғыс хаты «Жұмағалиева Н.М» ШҚ жылыжай қызметкері Сырлыбек Сәриевке және «Абай» ша­руа қожалығының агрономы Жанбо­лат Бисекеновке табысталды.

Сонымен бірге облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының арнайы ма­рапатына ие болғандар қатарында да махамбеттіктер бар. Атап айтқанда, «KazAgroNova» шаруашылығының басшысы Андрей Георгиевич Кан «Үздік егінші», жылыжай қызметкері Анилбек Нурушев «Үздік жылыжай қызметкері», насос қондырғысының машинисі Еділ Жұмағалиев «Үздік су шаруашылығы қызметкері», ал ветеринариялық станса директорының орынбасары Айтқали Төлегенов «Үздік мал дәрігері» атағын иеленді.

Марапатталғандардың барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі, кәсіби шеберлігі мен табандылығы үшін жоғары бағаланды. Бұл – Махамбет ау­даны еңбеккерлерінің жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігінің айқын көрінісі.

– Бұл марапат – ұжыммен атқарған еңбектің жемісі. Махамбет ауданы – облыста ауыл шаруашылығы ең дамыған өңір. Біз осы жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істейміз. Жерге адал еңбек етсең, ол әрдайым қайтады. Берілген құрмет бізге жаңа серпін береді. Ең бастысы, халықтың несібесін арттыруға үлес қосу,- деді «Нұрлан» шаруа қожалығының бас­шысы Нұрлан Кенжеғалиев.

Салтанатты жиын өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы айқын жетістіктерді паш етіп, еңбек адамдарының мәртебесін тағы бір биіктетті.

Қ.АЙТҚАЛИ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT