Мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт өкілдері біздің ауданымызда да көптеп саналады. Кейбірі өз туған тілінен гөрі қазақ тілінде сайрап тұр. Солардың бірі – сарайшықтық Ирина Чеченева.
Ол қаршадайынан Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін жаттап өскен. Соның арқасында орыс ұлтының қызы бүгінде қазақшаға судай.
Иринаның әкесі Витали орыс ұлтының өкілі болса, анасы Гүлімжан – қазақтың қызы. Сарайшық ауылында өмір есігін ашқан Иринаның әжесі Украина мен Ресейдің шекарасында дүниеге келіп, соғыс жылдары елге көмек қыла жүріп, кейін 20-25 жасында пана іздеп, сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау қаласына көшіп келген.
Қызыққа толы балалық шағын Сарайшықта өткізген Ира осы ауылдағы Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің табалдырығын аттап, тоғызыншы сыныпқа дейін орта білім алады. 2013 жылы алтын ұя мектебімен қоштасып, Атырау қаласындағы көп оқу орындарының ішінен аграрлық-техникалық колледжінде «Жерге орналастыру» мамандығы бойынша оқып, 2017 жылы сәтті аяқтайды.
- Сергей, Тимур есімді екі ағам және Марина есімді сіңілім бар. Үйде қазақ, орыс тілдерінде сөйлесе береміз. Әкемізбен ана тілімізде, яғни орыс тілінде сөйлессек те, ол да қазақ тілін жақсы біледі. Өзім қазақ тілін жетік меңгергенмін, еркін сөйлеймін деп айта аламын. Жаңа танысқан адам аты-жөнімді естіп, қазақ тілінде сөйлеу мәнеріме қарап, таңқала қарайды. Оған үйреніп те кеттім. Алайда араласатын ортамның 70-80 пайызы қазақ болған соң күнделікті өмірде қазақ тілін қолданамын, өз ойымды қазақ тілінде жеткізген ыңғайлы. Кішкентай кезімнен сөйлейтін болған соң бұл жағынан ешқандай қиындық туғызбайды. Ал жұмыс барысында екі тілде де сөйлеймін. Орыс ұлтының да, қазақ ұлтының да салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын ұстанамыз, мерекелерді де тойлауға уақыт табамыз,- дейді И.Виталиевна.
Қазақ тілін дәріптеу, шоқтығын биіктету мақсатында өзге ұлттар арасында өтетін түрлі байқауларға колледжде білім алып жүрген кезден бастап қатыса бастаған. Оның ішінде, жыл сайын өтетін Абай оқуларынан жүлдесіз қайтпаған Ирина 2016 жылы Жылыой ауданында өткен өзге ұлттар арасындағы Абай оқуларына Махамбет ауданынан қатысып, бас жүлде ұтып алған. Сол жылдың қыркүйек айында ел астанасында өткен республикалық кезеңіне қатысып, құрметке бөленген Ира қазақ тілінің мәртебесін асқақтату бағытында өтетін байқауларға, форумдарға қуана-қуана қатысатынын айтады. Қазақтың бас ақыны Абайдың, мұзбалақ ақын Мұқағалидың өлеңдерін оқығанда алдына жан салмайтын Ирина кез келген қазақтың тісі бата бермейтін Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясын тауысқан. Үлгі алатындай-ақ. Сонымен қатар Шәмші Қалдаяқовтың тәрбиелік мағынасы мол әндерін тыңдап, айтқанды жақсы көреді екен.
- Елордада өткен өзге ұлттар арасындағы Абай оқуларына әр облыстан бір қатысушыдан, жалпы 17 адам жиналған болатынбыз. Түрлі ұлттың өкілдері бір қонақ үйге орналасып, дайындық жүргізген уақытта бәріміздің ортақ тіліміз – қазақ тілі болды. Байқау жүргізушілері біздің қазақ тілінде еркін сөйлегенімізге қарап, таңданыстарын жасыра алмады. Менің қазақ тілінде сөйлегенім басқаларға үлгі болатын болса, мен одан бетер шабыттанып, шыңдала түсемін. Сондай-ақ, қазақтың арда тұлғаларының өнеге берер ұлы сөздері ертеңгі күннің жастарына да жетсе деймін. Сол мақсатта қазақ тілінің дамуына қолдан келгенше бар үлесімді қосуға дайынмын,-дейді Ирина.
Сөйлегенде біраз қазақты жаңылдыратын Ирина студенттік жылдары Махамбет ауданындағы «Жер кадастры» мекемесінен практикадан өтіп, колледжді тәмамдағаннан кейін түрлі салада қызмет атқара жүріп,өзінің жолын банк саласына бұрып, қазіргі таңда «Kaspi bank» бөлімшесінде қызмет етуде. Тілегі – еліміздің тыныштығы, бейбіт елде көк байрағымыздың желбіреуі,халқымыздың амандығы, ауызбіршілігіміз мықты болып,ұлтаралық татулығымыздың берік болуы.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ