Жалпы өзбек ұлтының өкілдері Қазақстанды өз үйіндей көреді.
Өзім Өзбекстан Республикасы Қоңырат қаласында дүниеге келген жанмын. Тағдырдың жазуымен бірнеше жылды артқа тастап, 1972 жылы болашақ жарым,қазақтың қаракөз аруы Атырау қаласының тумасы Клара Иманғалиеваны кездестіріп, онымен бірге шаңырақ құрдым. Өмірде ең сұлу қазақ аруын жолықтырғаныма тәубе деп, өзімді ең бақытты адам санаймын.
Содан 1985 жылы отбасымызбен бірге Махамбет ауданының Бейбарыс ауылына көшіп келдік. Мұнда келгенімізге де 36 жылдай болып қалыпты-ау. Жолдасым Клара ауылдағы «1 мамыр» кеңшарында кассир, егінші болып еңбек етсе, өзім ұзақ жылдар бойы механизатор болып, жұмыс жасадым. Міне, қырық тоғыз жылдай уақыттан бері жұбайым Кларамен жұбымыз бір жазылмай, бақытты ғұмыр кешіп келе жатырмыз. Біз екеуміз жанұяда алты бала тәрбиелеп, өсірдік.
Кезінде кең-байтақ даладай көңілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін құшағына алып, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Түрі басқа болса да, тілегі бір талай отандастардың қазақ халқына деген құрметі зор деп білемін. Олар тек қазақ тілін емес, әдет-ғұрып, салтдәстүрімізді де қатты құрметтейді. Себебі бір Отанды мекен еткен біздердің түп тарихымыз да тамырлас, болашаққа деген арман-мақсаттарымыз да бір арнаға тоғысқан. Бүгінде баршамыз бейбіт елде бақытты, берекелі күн кешудеміз.
Президентіміз Қ.Тоқаев та өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан» деген еді. Иә, толықтай келісемін, бақытымды осы жерден тапқандықтан мен үшін Қазақстаннан өзге Отан жоқ деуге болады.
Ежелден қазақтар жылы жүзділігімен, имандылығымен,қайырымдылығымен, ақкөңілділігімен және қонақжайлық қасиетімен ерекше таңқалдырады. Сонымен қатар олар табиғатынан жатсынуды, бөлектеуді білмейтін халық екені рас. Алдағы 1 мамыр мерекесімен баршаңызды құттықтаймын. Елімізге тыныштық, бейбіт өмір, шаңырақтарыңызға амандық тілеймін.
Рүстем ГУЛЯМОВ,
Бейбарыс ауылы