"Қарты бар ел - қазыналы ел".
Үлкенге құрмет көрсету, өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тәрбиесі бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын қарияларымызды сыйлау, ізеттілік таныту - ата-бабаларымыздан келе жатқан салтымыз. Қарттар күні қарсаңында Алға ауылының ең жасы үлкен қариясы, бейнетінің зейнетін көріп отырған 93 жастағы тыл ардагері Балзия Әбдешова анамызға амандаса барып, батасын алып қайттық.
Ұл-кыздарынан немере-шөбере, жиендер сүйген, қазір ортаншы баласы Қосшығали мен келіні Гүлфараның қолында тұрып жатқан кейуана өзінің өткен өмірі туралы ой өрбітті.
-Үшінші сынып оқитын бала кезімде ауылымызда жол салынып жатырған-тұғын. Ер азаматтар майданда, ауылда тек қарттар мен кішкентай мектеп жасындағы балалар болатын. Кішкентай болсақ та зембілмен топырақ тасып, жол салуға көмектесетінбіз. Колхозда жасамаған жұмысымыз жоқ. Жер жыртып, егін салдық. Кішкентай болсақ та иінағашпен су тасып, пішен мезгілінде қарттар шөп шапса, біздер шөмеле саламыз. Аяқтарымызды шөп жыртып, егін піскен уақытта егін жинауға да көмектесеміз, тары тиейміз. 18 жасымда Сүйекбай Әбдешов деген адай жігіттің шаңырағына келін болып түстім. Сол кездегі жас қыздар рахат та көрген жоқ. Бізге үйдегі ата-анадан бөлек көшедегі қарт аналар да тәртіп беретін.
Қазіргі қоғамда жастарға айтарым, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету керек. Қандай жағдай болмасын шыдамдылық керек. Үлкеннің ақылын тыңдағаннан ешкім де қор болмайды. Жасымда көрмеген рахатымды қазір бала-келінім, немере-шөберелерімнен көріп отырмын.Шүкіршілік етемін.Кешегі жұқпалы індет қиын болды.Өзім де ауырып тұрдым. Енді ол індет лайым қайта оралмасын. Жатсам-тұрсам, Алладан тілейтінім, ендігі ұрпақтарға тек жақсылық көруге жазсын, Бастарыңа бақ, астарыңа тақ берсін. Арты жақсылыққа жалғассын. Елде тыныштық болсын,- деп Балзия анамыз бата берді.
Біз де өз кезегінде саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеу жолында сарп қылған қариямызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат тіледік.
К.САПАР