10 кәсіпкерге «Ауыл болашағы» гранты берілді

Фото: "Жайық шұғыласы" редакция қорынан

"Туған жерге тағзым" жобасы аясында құрылған қайырымдылық қоры арқылы, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 10 жас кәсіпкерге 600 мың теңгеден «Ауыл болашағы» гранты  берілді.  Қайтарымсыз қаржының сертификатын аудан әкімі Қ.Нұрлыбаев табыс етті. 

-Осыдан біраз уақыт бұрын «Туған жерге тағзым»  жобасы аясында кәсіпкерлерге арналған кездесу өткізген болатынбыз.  Сол кездесуде өлкемізден  шыққан, осы жерде еңбек етіп жатқан кәсіпкерлерге ауданға қызмет ететін қор ашылып жатқанын айтып, қолдау көрсетуді ұсындық. Азаматтар барлығы бірауыздан келісім берді.  Ауданымыздың жанашыры Бағыт Габдуллин ағамыз бастап қорға 10 млн. теңге, Мұратбек Аренов ағамыз 5 млн. теңге салды. Басқа да кәсіпкерлеріміз алдағы уақытта қолдау көрсететіндерін жеткізді. Қайырымдылық қорындағы қаржы негізінен үш бағытқа арналған. Біріншісі кәсіп ашып нәсібін тапқысы келетін, еті тірі, еңбекқор кәсіпкерлерге қолдау ретінде қайтарымсыз қаржы беру. Екінші бағыты аз қамтылған, аяқ астынан қиындыққа ұшыраған азаматтарға қайырымдылық көмек көрсету. Үшіншісі тез арада шешуді қажет ететін, бірақ бюджеттен қаржы бөлінбейтін мәселелерді шұғыл шешу  үшін жұмсалады.   Халық игілігіне арналған қорымыздың алғашқы қаржысын «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бастамасымен жаңа бизнес идеяларды іске асырғысы келетін кәсіпкерлерге ұсынып отырмыз.  Ұсынылған 18 жобаның ішінен комиссияның шешімен ауданға қажетті деген 10 жоба озық шығып отыр. Сіздердің жаңа бастамаларыңызға сәттілік тілеймін. Ауданымызды дамыту бағытында абыройлы істер атқарып, өркендей беріңіздер,-деді Қ.Нұрлыбаев.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулитын «Батыр» жобасы арқылы жеңіске жеткен Гүлден Утебалиева қайтарымсыз қаржы үшін алғысын білдіре отырып, болашақта ауданнан мүгедек спортшыларға арналған спорттық орталық ашылса деген ұсынысын жеткізді.  Комиссия мүшелері Р.Әженов,Е.Қуанышев,Н.Туманова, Г.Сүлейменовтер кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, ұйымшыл болуға, аудан игілігі үшін бірлескен істен бас тартпауға шақырды.

Бұл жоба Атырау облысы бойынша алғаш рет Махамбет ауданында жүзеге асып отыр. 

Б.Сүйеуова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521