Қыс мезгілінде болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғаудың басқару органдарын, күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында ағымдағы жылдың 23-24 қараша күндері аралығында «Қыс – 2023» Республикалық командалық штабтық оқу-жаттығу жиыны өткізілді. Оқу-жаттығу жиынына 27 бірлік техника және 50 адам жұмылдырылды
Авариялық құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүргізу орындарына жіберу, бағыттарын анықтау, аудандық жедел ден қою жасағын және аудандық азаматтық қорғау күштері мен құралдарын «Жастар саябағының» алдындағы алаңға жинап сапқа тұрғызылды. Аудан әкімінің орынбасары Асхат Аймұратов және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау майоры Сәбит Борашев дайындықтарын аралап көріп, төтенше жағдайлар барысында атқарылатын жұмыстар пысықталды.
Фото: zh-shugylasy.kz
Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері полицейлермен, аурухана, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірге бірнеше жаттығу жұмыстарын жүргізді. Жаттығу барысында қатты соққан боран салдарынан Ақтоғай, Тандай ауылдарымен қатынас үзілді. Азық-түлік, жанармай жеткізуде қиындықтар болып, шаруа қожалықтарына жем тасымалданбады, 10 адам хабар-ошарсыз кетті. Осы төтенше жағдайға орай аудандық жедел әрекет ету тобына қарасты қызметтердің командирлерін, мүдделі мекемелердің басшыларын дереу жинап, аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасының қатысуымен жедел жоспар құрылып, туындаған жағдай бойынша іс-әрекет жоспары құрылды.
Жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына 22 адам, жергілікті полиция және ветеринариялық бақылау бөлімінен «Нива» автокөліктері жұмылдырылды. Жоғалған адамдардың шығып кеткен бағыты айқындалып, 41 минут ішінде түгел табылды. Жедел медициналық қызмет ету бағытында аяқ-қолдары домбығып, суық шалған 6 адамға алғашқы кезекте көмек көрсетіліп, жедел әрекет тобына қарасты «УАЗ» автокөлігімен жақын маңдағы жылыту пунктіне жеткізілді. Жедел іс-әрекеттерді ұйымдастыру барысында жол-патрульдік полиция қызметкерлерімен жолдағы қозғалыс қалыпқа келтіріліп, арнайы инерттік материалдар төселді.
Фото: zh-shugylasy.kz
Махамбет ауылының орталық көшесінде жер асты газ құбырларын жөндеу жұмыстары кезінде магистральды газ құбыры жарылды. Соның салдарынан 50 метр газ құбыры істен шығып, 7 адам зардап шекті. Жедел әрекет ету штабы командирінің тапсыруы бойынша аудандық төтенше жағдай, өрт сөндіру, аудандық газ шаруашылығы, қоғамдық тәртіп сақтау және жол қозғалысын реттеу, медициналық жедел көмек және өзге де тиісті орган қызметкерлері жиналып, төтенше жағдай орын алған аумаққа аттанды. Жарылған магистральды газ құбыры аумағын қоршауға алып, оқшауланды.
Техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында орын алған жерді арнайы белгісі бар лентамен қоршап, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Махамбет аудандық газ шаруашылығы мекеме қызметкерлері жарылған газ құбырларын жөндеу жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатта 7 адамнан тұратын мамандандырылған авариялық-техникалық бригада шұғыл дайындыққа келтіріліп, арнайы техникалармен, қажетті құрал- саймандармен жабдықталып, оқиға болған жерге жөнелтілді. Шыққан өртті №11 Өрт сөндіру бөлімі қызметкерлері оқшаулады. Жедел медициналық қызмет ету бағытында зардап шеккен 7 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, аудандық орталық ауруханаға жеткізілді . Газ құбырларына жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігі жөнінде аудан тұрғындарын әлеуметтік желілер арқылы хабарланды. Жарылған газ құбырлары бір сағат көлемінде қалыпқа келтіріп, тұрғындарға табиғи газ берілді.
Дайындаған: Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ