Қазақ халқының қайталанбас мұрасына айналып, зият пен дәстүрді тоғыстырған тоғызқұмалақ ойынына қатысатын мектеп оқушыларының саны артып келеді. Баланың дамуында бұл ойынның орны ерекше. Тоғызқұмалақ – терең ойды талап ететін ойын түрі.
Жуырда Атырау қаласында тоғызқұмалақтан 9,11,13 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында облыстық жекелей біріншілік өтті. Мақсат – тоғызқұмалақ ойынын жасөспірімдер арасында насихаттап, ұлттық ойынның кең қанат жаюына үлес қосу. Ойынның классика, рапид және блиц санаттары бойынша өткен жарысқа Атырау қаласы мен Индер, Жылыой, Махамбет ауданынан командалар қатысты.
Тартысты өткен ойында әр жас ерекшеліктері бойынша махамбеттік өрендер жүлдегерлер қатарынан табылды. Атап айтқанда, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің оқушысы Ершат Нұрбай классика санатында екінші орынды иеленді. Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Мұхамедәлі Мереке блиц санатында, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің оқушысы Ерқанат Көшқалиев классика және блиц санатында үшінші орынға ие болды. Ал қыздар арасында өткен жарыста Кәусар Мерланқызына классика санатында қола жүлде бұйырды.
Қазақтың ұлттық спортының қай түрі болмасын жастарды төзімділік пен шеберлікке, батылдыққа, ең бастысы ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікке, патриоттық сезімге тәрбиелеуге бағытталған. Оқушыларды жарысқа баптап, тәрбиелеуде Гүлжан Маженова, Ерболат Алтыбаев, Жұмабек Ожаев және Мұхадия Қуангереевтердің еңбегі зор.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ