Махамбет ауданының былғары доп шеберлерін еске алуға арналған ардагерлер арасында футзалдан облыстық турнир өтті. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, Махамбет ауданының спорт жанашырларының ұйымдастыруымен өткен жарысқа 45 жастан жоғары ардагерлерден құралған 6 команда қатысты.
Жасыл алаңға шыққан ардагерлер арасында Амантай Кенжеғұлов, Жандарбек Кәкішов, Сәрсенбай Нұржанов, Мұрат Ибрашев, Марат Қартқожа, Әлібек Амиров, Сейітжан Каримов, Қайрат Идрисов және басқалары болды. Жүлделі орынды қанжығасына байлаған ардагерлер командасына тоқталсақ, бірінші орынды «Санжар» ардагерлер командасы иеленсе, екінші орынды «Доссор» ардагерлер командасы місе тұтты. Ал «Махамбет» ардагерлер командасы үшінші орынды ұтып алды.
Үздік ойын өрнегін көрсеткен ойыншыларға түрлі номинациялар табысталды. Атап айтқанда, «Санжар» командасының ойыншылары Бейбіт Татишев «Үздік сұрмерген», Жексенбай Хұсайынов «Үздік қорғаушы» атанса, «Махамбет» командасының ойыншысы Қанат Маликов «Үздік ойыншы» аталымымен марапатталды.
Марқұмдардың жанұяларына «Махамбет» ардагерлер командасынан ардагер ойыншылардың аты-жөндері мен нөмірі жазылған жейделері бар естелік- сыйлық берілді. Бір айта кетерлігі, ол нөмірлер бүгінгі ардегерлер командасында қайталанбайды. Сегіз ардагерге Алғыс хатпен қоса, спорттық киімдер табыс етілді.
Амантай Кенжеғұлов пен Сәрсенбай Нұржановқа ақын, батыр баба Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орай шығарылған «Дауылпаз» төсбелгісі табысталды. Жандарбек Какишев, Амантай Кенжеғұлов, Сәрсенбай Нұржанов 1971-1975 жылдары Орал қаласының «Уралец» командасының намысын қорғады. Оқуларын аяқтап, ауылға келген соң Жандарбек аға мен Амантай аға, Әлібек Амировтер Атыраудың «Прикаспиец» командасының сапында ойнады. Әлібек аға футбол ойнай жүріп, команданы жаттықтырды.
А.ҚАЗБЕК