Атырауда V республикалық «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесінде ағылшын-араб тұқымдас «Қоянқасқа» мәре сызығын бірінші болып кесті, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Турнирге Қазақстанның 12 облысынан келген 40 үздік аттар мен шабандоздар қатысты. Турнир аясында 7, 12, 25 және 51 шақырымдық қашықтықта төрт айналым өткізілді.
Бәйгенің 10 миллион теңгелік бас жүлдесін - шабандоз Ғалымнұр Ноғайбек, жаттықтырушы Қуат Абсалямов және ат иесі Бердібек Мыханов иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтарды «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Оспанқұлов, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов және ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов табыс етті.
- Бұған дейін, «Алтын тұлпар» турнирінде оза шауып, жеңіске жеткен 4 жүлдегер де қазақстандық тұқымнан шыққан жылқылар еді. Ал, бұл жолы жеңіс пен жүлдегерлер тек «шетелдік» арғымақтар болды. Спортшыларымызды жеңістерімен құттықтаймын, - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының хатшысы Нұрсұлтан Ибрагимов.
Айта кетейік, 12 қазанда Махамбет ауданының Талдыкөл ауылында «Алтын Тұлпар» турнирімен қатар Атырау қаласы күніне арналған «Дарабоз-2019» халықаралық турнирі өтті. «Дарабоз» турнирінің бағдарламасына көкпар, теңге алу, аударыспақ секілді 10 түрлі ұлттық ойындар енгізілді.
Атырау облысының Өңірлік
коммуникациялар қызметі.
Сурет:ӨҚК