XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесі мен 11 тамыз аралығында өтеді. Франция, Париж қаласы, 2017 жылдың 13 қыркүйегінде Перудің Лима қаласында өткен ХОК-тің 130-шы сессиясында 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қабылдаушы қаласы болып бірауыздан сайланды.
Бұрын 1900 және 1924 жылдары Олимпиада ойындарын өткізген Париж Ұлыбритания астанасы Лондоннан (1908, 1948 және 2012) кейін үш рет Олимпиада ойындарын өткізген екінші қала болады. Сондай-ақ, 2024 жыл Париж-1924 ойындарының жүз жылдығымен, сонымен қатар Франция өткізген алтыншы Олимпиада ойындарымен атап өтіледі.
Париж-2024 Олимпиада және Паралимпиада ойындарының эмблемасы 2019 жылдың 21 қазанында ұсынылды. Онда бір мезетте алтын медаль ішіндегі Олимпиада алауын және Француз Республикасының символы Марианнаның ернін бейнелейді, ол Париждегі 1900 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарына алғаш қатысқан әйелдерге құрмет болып есептеледі.
Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыру комитеті 2022 жылдың 14 қарашасында талисмандарды таныстырды. Олар мәндік тарапта «Фрижи» болды. «Фрижи» – бұл кішкентай фригиялық қалпақшалар. Олар еркіндіктің, инклюзивтіліктің және адамдардың үлкен және ақылға қонымды істерді жақтау қабілетінің мықты символы ретінде қызмет етеді. «Фрижи» қызыл, ақ және көк түстермен боялған. Олардың кеудесінде Париж-2024 ойындарының логотипі орналасқан. Фрижилердің көздері «Француз кокарды» түрінде жасалған – ұлттық француз ою-өрнегіне айналған үш түсті розеткаға ұқсас болып табылады.
Олимпиада ойындарының бағдарламасы 32 спорт түрінен тұрады. Әлемнің 200-ден аса мемлекетінен келген спортшылар 306 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Бағдарламаны және негізгі 28 олимпиадалық спорт түріне арналған ойындардың жалпы тұжырымдамасын жақсарту үшін қосымша ретінде брейк-данс, спорттық альпинизм, скейтбординг және серфинг таңдалды. Брейкинг (брейк-данс) 2018 жылы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында алғаш рет жеңімпаздарды анықтады. Енді Париждегі Олимпиада ойындарының бағдарламасына ресми түрде еніп отыр. Олимпиада бағдарламасынан алынатын спорт түрлері де анықталды. Парижде Токио ойындарындағы үш спорт түрінен жарыстар өткізілмейді. Нақтылап айтар болсақ, каратэ, бейсбол мен софтбол Олимпиада бағдарламасынан шығарылды.
2024 жылғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енген спорт түрлері: Академиялық есу, бадминтон, баскетбол (оның ішінде 3x3 баскетбол бар), бокс, күрес, брейкинг, велоспорт, су спорты түрлері, волейбол, жағажай волейболы, гандбол, гимнастика (батут, спорттық гимнастика, көркем гимнастика), гольф, байдарка мен каноэде есу, дзюдо, ат спорты, жеңіл атлетика, үстел теннисі, желкенді спорт, регби-7, серфинг, скейтбординг, қазіргі бессайыс, спорттық құзға өрмелеу, садақ ату, спорттық ату, теннис, триатлон, таеквондо, ауыр атлетика, футбол, көгалдағы хоккей.
Өкінішке орай, тәуелсіз Қазақстан тарихында ауыр атлеттеріміз алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігінен тыс қалды. Грек-рим күресінен 4 балуан ғана барады. 60 келі салмақта Айдос Сұлтанғали, 77 келі салмақта Демеу Жадыраев, 87 келі салмақта Нүрсұлтан Түрсынов және 130 келі салмақта Әлімхан Сыздықов Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайды.
Таеквондодан Қазақстан командасының жетістіктері қазірден байқалуда. Жас әрі айтарлықтай тәжірибесі жоқ жастар әлемнің атақты спортшыларын басып озып, Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін алып отыр. Олар қателікке жол бермей, турнир алдында құрамды әбден сынаған жандарға жауап берді. 20 жастағы Самирхон Абабакиров (58 келі) жолдамаға барар жолда ол ешкімнен де қаймықпай, үш қарсыласын қапы қалдырды. Команда құрамындағы ең жас спортшы – Батырхан Төлеуғали (80 келі). 17 жастағы спортшы ересектер қатарына былтырғы жылдың аяғында ғана өтіп, қазір Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр. Құраманың ұзақ жылдар бойғы көшбасшысы Жансель Дениздің де Олимпиадаға бара алмайтыны қынжылтады. Шешуші кездесуде оның жарақаты сыр берді.
Жалпы Франция төрінде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына дайындық қыза түсуде. Ел құрамасы қазірге дейін спорттың әр түрі бойынша 51 лицензия алып үлгерді.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ