Жақында Атырау қаласында футболдан жарыс өтті.
Шараны 2005-2006, 2007-2008, 2009-2010 жылдары туылған жасөспірімдер арасында «Арсенал кубогі» ұйымдастырды. Аталған жарысқа Маңғыстау, Жаңаөзен, Атырау, Атырау орталық футбол командасы, Индер және Махамбет өңірлерінен барлығы 18 команда қатысып, жас ерекшеліктері бойынша топтық ойындарда бақ сынасты.
Балалардың шеберлігін шыңдау мақсатында өткен жарыс қорытындысы бойынша 2005-2006 жылы туылған жасөспірімдер арасында ауданымыздың намысын қорғаған «Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебі командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Ортаңғы жас ерекшелігі 2007-2008 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы топтық ойындарда өнер көрсеткен Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің командасы Құрманғазы, Индер командаларынан алға озып, шешуші финалдық бәсекеде «Арсенал» командасымен тепе-тең ойнап, матч соңындағы пенальтиден басым түсіп, ауданымызға чемпион деген атақты алып қайтты.
Ал төменгі жас ерекшелігі 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ойын қорытындысы бойынша Махамбет балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты «Бейбарыс» ауылындағы футбол бөлімшесі командасы IV орынды иеленді.
Аталған жарыстың «Үздік қақпашысы» Қалиасқаров Илияс атанса, «Үздік қорғаушы» номинациясы Ермұратов Нұриманға берілді. Жарысқа қатысқан футболшылар диплом, медальдармен марапатталды.
Балғын футболшылардың жаттықтырушылары: А.Алдешов, А.Идрисов, Ш.Мұханғалиев.
К.САПАР