Жуырда Атырау қаласында өткен облыстық «Салауатты балдырған» спорттық - интеллектуалдық эстафетасына аудан атынан «Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының «Барыс» командасы қатысып, жүлделі 3 орын иеленіп қайтты.
Бұл эстафетаны асыға күткен біздің бүлдіршіндеріміз жеңіс үшін барын салды. Облыс бойынша 7 аудан және Атырау қаласынан қатысқан сайыста балаларымыздың ой-жүйріктігі сыналды.
Эстафета бүлдіршіндерімізден тек шапшаңдықты ғана емес, ойұшқырлығын да талап етті. Бұл орайда жас бүлдіршіндердің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани біліп, оның одан әрі дамуына мүмкіндік берген бөбекжайбақшамыздың дене шынықтыру пәні мұғалімі жаттықтырушы Наргиза Бердекееваның, педагогтар Шынар Кабдрахманова, Назерке Хамзинаның еңбегі орасан зор.
Бүлдіршіндеріміздің жарысқа қатысуына демеушілік жасап, жарысқа бірге барып, «баласы атқа мінгенде, тақымын қысқан» атааналардың да бұл жеңіске жету үшін қосқан үлесі айтарлықтай. Облыс көлемінде осындай үлкен жетістікке жеткен балаларымыздың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Араларынан әлі талай жарыста аудан атын шығарар мықты спортшылар, білімді оқушылар шығарына сенеміз.
А.САЛИЕВА,
«Нұршуақ» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі