Талай тарланбоз таланттар туып-өскен топырақтан енді міне, Әлем чемпионы шығып отыр.
Күні кеше қана дүниенің түкпір-түкпірінен кіл күштілер жиналып спорттың ерекше түрі армрестлингтен бақ сынағанда жерлесіміз Рахия Молдашева жеңісті қолдан бермеді. Румынияның Констанца қаласында өткен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатында 12 қарсыласын жығып, финалда американдықты мойындатқан.
Шет мемлекетте Қазақстанның Әнұранын ойнатып, көк туын желбіретіп келген чемпионды аудан әкімдігі мен Махамбет аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылары және ауданның белсенді жастары бастаған делегациямен барып қарсы алдық. Қашанда сол қазаққа тән қарапайымдылығынан айнымайтын спортшы барша жанкүйерлеріне, бапкерлері мен спорт және туризм бөліміне, демеушілерге өз алғысын білдірді.
Біреулер бар өмірін осы жолға арнап, жылдар бойы тер төгіп, еңбектеніп жете алмай кеткен бұл жетістікті Рахия апай аз ғана уақытта бағындырғанын мақтанышпен айтуға болады. Әлбетте, оның ең жақсы тренировкасы-өмірлік тәжірибесі екені анық.
Ауданның, облыстың, енді міне, республиканың атын танытып, қазақ қыздарының қайсарлығын мойындатып келген махамбеттік тұңғыш Әлем чемпионы «жеңісімді әуелі халқыма, одан кейін анама арнаймын!»,-деді өз қуанышымен бөлісіп.
Айнұр САТАЕВА