Армрестлингтен Махамбет ауданынан шыққан тұңғыш Әлем чемпионы Рахия Молдашева.
Махамбет халқы оны бұрыннан да жақсы танитын, білетін, қарапайымдылығы мен қайсарлығы, бірбеткейлігі үшін құрметтейтін. Ал бүгінде оны әлем чемпионы ретінде танып, мойындап, «Рахия қалай аз уақытта осынша жетістікке жетті?» деп таңданып жатыр. Аядай ғана ауылдан шығып, Алла берген талантының, адал еңбегінің арқасында қол күресінен Азияның алтын, күміс жүлдегері, әлем чемпионы атанған, 2018 жылғы Махамбет ауданының «Жыл адамы» номинациясын иеленген Рахия Молдашевамен бұрын-соңды айтылмаған, еш жерде жазылмаған эксклюзивті сұхбатымызды сіздерге ұсынамыз:
-Күні кеше ғана өзге елде Қазақстанымыздың көк байрағын бір сатыға, жоғары қойып, Әнұранын шырқатып «Әлем чемпионы» атанып келдіңіз. Сол сәттегі алғашқы әсеріңізбен бөліссеңіз?
-Румынияның Констанца қаласында өткен ардагерлер арасындағы әлем чемпионаты мен үшін шешуші шайқаспен тең болды. Өйткені, осыған дейін Қазақстан, Азия чемпионаттарында жеңіске жетіп, әлемді мойындатсам деген мақсат қойғанмын алдыма. Сол мақсатыма әуеллі Алланың, кейін бапкерлерім мен қолдаушыларымның арқасында жеттім. Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін болмас. Қуандым, толқыдым, бірақ эмоциямды сыртқа шығармадым. Өйткені, табиғатым сондай. Бұл жарысқа барған кезден-ақ жеңемін деген сенімділігім бәрінен басым тұрды.
-Жеңісімді Атырауыма, содан кейін анама арнаймын дедіңіз. Ата-анаңыз қандай адамдар еді? Отбасыңыз туралы толығырақ айтып беріңізші?!
- Мен 1965 жылы көршілес Исатай ауданы, Аққыстау селосында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Руым Құлкеш Беріш. Ата-анам 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеп-өсірген қарапайым шаруа адамдар. Бүгінде анамның көзі тірі, арамызда.
-Арғы тегіңізде спортшылар бар ма? Осынша қара күшке ие болудың, қайраттылықтың сыры неде?
-Отбасымызда бауырларымның арасында менен басқа спортпен айналысатындар жоқ. Бірақ ата-анам мен секілді ірі, тау тұлғалы адамдар. Ақыры біздің арғы тегіміз, ата-бабамыздың қаны жақсы сақталған шығар. Әкем тәрбиеде өте қатал, тәртіпке бойұсынған жан еді. Бізді ұл мен қыз деп бөлмей, еңбекке ерте араластырып, сырт пен іштің жұмысына қатар жұмсап өсірді. Кейін қыз балаға тән емес, механик мамандығына оқытып, бітірген соң совхозда жүк көліктерін жүргізіп, токарь болып та жұмыс жасадым. 1998 жылы Махамбет ауданына қоныстанып, күні кешеге дейін медицина саласында еңбек еттім.
-Әуесқой спортқа қалай келдіңіз? Алғашқы бапкеріңіз кім? Кәсіби спортшылардың арасында өнер көрсету қиын болған жоқ па?
- 2016 жылы Махамбет ауданындағы ауданаралық өкпе аурулар ауруханасында қызмет етіп жүргенде бас дәрігеріміз М.Шуақбаев қол күресінен ауданда өтетін жарысқа жіберген болатын. Сол жерде алғашқы жеңісіме қол жеткізіп, бапкерім Сәдуақас Тәжбентаевпен танысып, ол кісі мені алдағы облыстық чемпионатқа дайындады. Осылайша, ол жерден де жүлделі бірінші орын алып, Өскемен қаласындағы республикалық ардагерлер арасындағы спартакиададан да жеңіспен оралдым. Мен өзімді кәсіби спортшылардың қатарына жатқыза алмаймын. Менің бойымда Алла берген талант пен қуат бар. Соны тиімді пайдалану арқылы біраз жеңіске қол жеткіздім. Үлкен додаларда қарсыластар да осал болмайды, әйткенмен қазақ спортшыларының қанында бар қайсарлықты, рухты, ешбір елдің кәсібилігімен салыстыруға болмайтынын әлем чемпионатына барғанда анық түсіндім.
-Сегіз қырлы, бір сырлы жансыз. Бір қырыңыз – сіз балықты жақсы аулайды деседі. Бұл хобби ма, әлде...?
-Жайықтың жағасында тұрған елдің негізгі кәсібі – балық аулау ғой. Хобби деуге келмес. Өзен жағалағанның өзегі талмас демей ме? Бір кездері бала-шағаның қамы үшін Жайықтан несібемізді тапқанымыз рас. Бұл мен үшін қазір де айтарлықтай қиын, ұят жұмыс емес. Керісінше таза ауада тиімді уақыт өткізіп, күнделікті күйбең тірліктен демалу.
-Бала-шағам деп жатырсыз. Қанша баланың анасысыз? Олардың спортқа икемі бар ма?
- Аллаға шүкір, 2 ұл, 2 қыздың анасымын. Жиендерім мен немерелерімнің сүйікті әжесімін. Оларды спортқа жетектеп апарған емеспін, бірақ кіші қызым Камшат Айдаралиева 4-сыныптан бастап самбо күресіне қатысып, Қазақстанның чемпионы атанды. Бапкері – Амангелді Маменов. Қалған ұл-қыздарым спортшы болмаса да бір-бір кәсіпті меңгерген, өз ісінің мамандары деп мақтанышпен айта аламын.
- Армрестлинг ерекше спорт түрі. Бір күндік жаттығуыңыз қайда, қалай өтеді? Сіздің бүгінгі бапкеріңіз кім?
- Бүгінде армрестлинг деп атауын өзгерткенімен, қол күресі қазаққа жат емес. Бұрын да біздің ата-бабаларымыз, балуандарымыз білектің күшіне сенім артқан. Республика чемпионатынан жүлдемен оралғаннан бастап мен облыстық құрама сапына қабылданып, Сергей Передистый деген республикаға танымал кәсіби бапкердің қарауында жаттығамын. Ашығын айту керек, спорт залға көп бармаймын. Өйткені, жаттығу залдарының барлығы жекеге өткендіктен, әр сағаты ақылы. Сондықтан барынша үй жағдайында кір тасын көтеріп, әртүрлі жаттығуларды жасап, қолдың бұлшық еттерін қатайтуға тырысамын.
-Жаттығу залдары ақылы болса, Атыраудағы армрестлингтің жағдайы қандай?
-Өкінішке орай, спорттың бұл түрі біздің аймақта жақсы дамымаған. Мықты спортшылар бар, бірақ қолдау аз.
-Румынияға сапарыңыздың алдында демеуші табылса барамыз деп едіңіз. Бардыңыз, қатыстыңыз, чемпион атандыңыз. Мемлекет, жергілікті әкімдік қандай қолдау көрсетті?
-Армрестлинг олимпиадалық спорт түрі саналмағандықтан, жарыстың шығындарын өтеу үшін демеуші іздейтініміз рас. Бұл жолы да махамбеттік жерлес інім Аханов Нұржан Амангелдіұлы үлкен жомарттық танытып, қолдау білдірді. Алғысым шексіз. Осы уақыта дейін мемлекеттен, я әкімдіктен қомақты қаржы алдым, жол шығындарымды өтеді деп айта алмаймын. Әлем чемпионатының өзінде спортшыларға беретіні медаль мен диплом ғана. Көпшілік мені шетелден қыруар қаржы, гонорар алып келді деп ойлауы мүмкін. Мүлде олай емес. Ең ақыры Азия чемпионы атанып келгеннен кейін тағайындалатын шәкіртақыға да әлі күнге қол жеткізе алмай отырмыз.
- Болашақта бапкерлікке бетбұру, ізбасарларыңызды дайындау ойда бар ма?
- Бапкер болу, спортшы болудан да қиын, әрі екі есе жауапкершілікті жүктейтін жұмыс. Жарыстарда жарақат алып қалған балаларды, олардың ата-анасының нарызылығын көріп, өзімнің бұл жұмысқа дайын еместігімді түсіндім. Сондықтан бапкерліктен бұрын әлі де чемпион болып, алдағы жарыстарға дайындалып, жаңа жетістіктерге жеткім келеді.
-Әлем чемпионатында қанша қарсыласыңыз болды? Жалпы қай қолыңыз күштірек?
- Финалға дейін қарсыласымды жеңіп, финалда американдық мықты спортшымен шықтым. Ереже бойынша оң қолға 6 рет, сол қолға 6 рет күш сынасамыз. Менің оң қолым қашанда қайратты. «Кел, күш сынасып көреміз бе?»- деп қалжыңдап та алды арасында апайымыз.
- Спортта бағыңыз жанды. Ал өмірде әйел-ана ретінде бақыттысыз ба?
-Дұрыс айтасыз, қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар. Менің көп жерде бағым бірінші шапқан секілді. Бірақ бабымды да жоғалтпауға тырысамын. Ал әйел-ана ретінде сөзсіз бақыттымын. Аллаға шүкір, балаларым қасымда, немере-жиендерім жанымда. Одан артық бақтың, байлықтың керегі жоқ.
- Ашық әрі шынайы жауап бергеніңіз үшін рахмет! Алар асуларыңыз көп болсын!
ТҮЙІН: Рахия апайдың жанында отырып, әңгімелесудің өзі адамға бір ерекше күш-қуат береді екен. Сынағына мойымай, қиындығына қарамай, ардагерлер арасындағы спортты дамытуға өз үлесін қосып жүрген оның ерен еңбегі көп адамға үлгі. Махамбеттен шыққан тұңғыш әлем чемпионы болса да қарапайым қалпынан танбайтын Рахия Әділгерейқызын әлі талай жеңістің тұғырынан көргіміз келеді.Ең бастысы олимпиадалық ойындар қатарына кірмейтін армрестлингке жергілікті аймақтан қолдау көрсетіліп, жағдай жасалса, арамыздан әлі талай чемпиондар шығар еді.
А.САТАЕВА