Атырау облысының жас каратэшілері Азия чемпионатының жүлдегерлері атанды. Құрлық додасында облыс намысын 12 спортшы қорғап, оның 8-і қола жүлдеге қол жеткізді.
Каратэ кекушинкайдан ІІ Азия Чемпионаты Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өтті. Намысты додаға Азияның 8 елінен 400-ге жуық спортшы қатысты. Олардың арасында Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Ресей және Қазақстан бар. Атырау облысы құрамасын бастап барған жаттықтырушылар Аманат Еділбаев пен Айгерім Айшуақованың шәкірттері намысты қолдан бермеуге тырысты.
– Жарыс өте тартысты өтті. Үздік үштіктің қатарынан көріну оңайға соқпады. Шәкірттерімнің табандылығы, еңбекқорлығының арқасында осындай нәтижеге жеттік. 100 пайыз мақсатымыз орындалмаса да сол жолда әлі де аянбай еңбек етеміз деген ойдамын. Қолдау көрсеткен ата-аналарға алғысым шексіз. Жеңісті күндеріміз көп болсын!-деді халықпаралық дәрежедегі спорт шебері, жаттықтырушы А.Кәдірбекқызы.
Айта кету керек, Махамбет ауданының 4 спортшысы облыс құрамасымен бірге жарыс жолына шыққан еді. Төртеуі де жүлдегер атанып, республика, облыс, аудан мәртебесін асқақтатты. Құрлықтық додадан қоржындары бос қайтпаған спортшыларды Махамбет аудандық білім бөлімі, жастар ресурстық орталығы басшылығы мен ата-аналары, достары қошеметпен қарсы алды. Гүл шоқтары ұсынылып, жүрекжарды лебіздер айтылды.
– Қыздарымыздың жаттықтырушылар Әйгерім Кәдірбекқызының еңбегі мол. Ұзақ уақыт дайындықтың нәтижесінде жарыста жүлдегер атанды. Бір айтатыным, бұл каратэшілердің дайындалатын арнайы залдары жоқ. Әр ғимаратты жалға алып жүреді. Сондықтан бір зал берілсе деген ұсынысым бар. Барған жарыстардан құр қайтпайды. Барлық спортшыларға үлкен биіктерден көрінсін деген тілек айтамын,- деді ата-аналар атынан сөз алған Н.Бисенов.
Екі күнге созылған жарыста жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер тартысқа толы кездесулер өткізді. Жасөспірім қыздар арасында Шұғыла Самат, Аружан Нұржайыққызы, Медина Муса, жасөспірім ұлдар арасында Ерназ Бақытжан, Дамир Орынбай, Наурызбек Ережепов пен Темірлан Жабашевтер үшінші орынға көтерілді. Әйелдер арасында 55 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Халел Досмұхамедов атындағы университетінің студенті Зульфия Жайдарқызы да ІІІ орынға қол жеткізді. Спортшылар тамыз айында Ақтау қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, чемпионатқа тыңғылықты дайындалған-ды.
«Бүгінгі дайындығың – ертеңгі жеңісің» деген ұранды берік ұстанған спортшылар аз уақыт тыныққаннан кейін алдағы жарыстарға дайындалуға кіріспек. Бүгінгі күні Махамбет ауданында каратэ спортымен шұғылданушы 70-ге жуық спортшы бар.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ