1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған волейболдан Махамбет ауданына қарасты мекемелер арасында ашық турнир өткізілді. Аталған турнирге дербес мекемелер, ауылдық округтер, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарынан құралған 14 команда қатысты.⠀
Командалар төрт топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Өз топтарынан қара үзіп алға шыққан «Ақтоғай», «Сарытоғай», «Талдыкөл» және Ортақшыл ауылының «Қосарал» командалары жүлдеге таласты. Нәтижесінде ІІІ орын үшін болған ойында «Қосарал» командасы талдыкөлдіктерді қапы қалдырып, қола медальды қанжығалады. Ал финалдық бәсекеде «Ақтоғай» командасы көршілес ауылдың командасын жеңіп, турнир чемпионы атанды. Жеңімпаз командаларға диплом, кубок, медальдар табысталса, белсенді өнер көрсеткен командаларға алғыс хат табыс етілді.⠀ ⠀
Махамбет аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен турнир алдағы уақытта дәстүрлі бәсекелер қатарынан қосылмақ. Айта кету керек, аталған турнирге «Жайық шұғыласы» редаксиясы ұжымы аудандық ішкі саясат бөлімі және орман шаруашылығы мекемесі қызметкерлерімен бірлесіп, команда құрып, тартысты ойын өрнегін көрсете білді.⠀ ⠀
Қ.АЙТҚАЛИЕВ