"Жарқынай" Атырау қоғамдық қоры жаттықтырған спортшылар паралимииада ойындары бағдарламасы бойынша боччадан өткен республикалық ашық турнирге қатысты - деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
Паралимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорттың бұл түрі бойынша турнирге 100-ге жуық спортшы бақ сынады.
Нәтижесінде, арнайы жабдықпен ойнаған Жанерке Кенжебек жүлделі 2 орынды, ал арбаға таңылғандар арасынан Аят Мамай мен Еркебұлан Кенжеғалиев 2-ші орын алды. Нұрасыл Жігер 3 ші орын иемденді.
- Қор жанынан ашылған бочча үйірмесінен 12-15 жас аралығындағы 6 спортшыны дайындап апардық. Оның төртеуі жүлделі 2-ші және 3-ші орындармен оралды. Бұл үйірме Атырауда алғаш рет қазан айында ғана ашылды. Аз уақыттың ішінде балаларымыз жаттығып, жақсы нәтиже көрсетті. Бочча спорты мүмкіндігі шектеулі адамдардың қимыл-қозғалысының бірқалыпты дамуына мүмкіндік береді, талпындырады. Сондықтан, тірек-қимылы зақымданған жандарға бұл пайдалы спорт - деді, жаттықтырушы Зоя Нұрымғалиева.