Аудан әкімдігінің қолдауымен, мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған «Ер жүректілер» спорт клубының ұйымдастыруымен ерекше жандар арасында облыстық жарыс өтті. Негізгі мақсат – осы санаттағы адамдарды спорттық іс-шараларға тарта отырып, дені сау, күш-қуаты кемел тұрғылыстарынан өздерін кем сезінбеуге ұмтылдыру, әлеуметтік және рухани дем беру. Жарысқа қала мен аудандардан келген көру қабілеті төмен, тірек-қимыл жүйесі зақымдалған 60-қа жуық спортшы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Асылжан Қайырғалиев ерекше жандардың еңбекпен қатар спорт, өнер салаларында белсенді қимыл танытып жүргендерін атап көрсете келе, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық жарыс спорттың 4 түрінен өткізілді. Атап айтқанда, үстел теннисі, дойбы, шахмат және тоғызқұмалақ. Қыздар арасында дойбыдан бірінші орынды иеленген Бибігүл Джакупова бұл спорт түрімен жастайынан айналысатындығын айтады.
– Дойбы ойынын бала кезден ойнап келемін. Түрлі жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінудемін. Әрине, бұл тұрғыда облыстық мүгедектер спорт клубының септігі көп тиді. Бүгінгі жарыста да бабым келісіп, бірінші орынды қанжығаға байладым. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай турнирлердің жиі өткізілуі өзіміздің спорттық шеберлігімізді шыңдауға септігін тигізер еді,- дейді спортшы.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан жарыстың жүлдегерлері мен жеңімпаздарына арнайы диплом мен бағалы сыйлық табысталды.
Қазбек АЙТҚАЛИЕВ