Волейболдан Махамбет ауданы әкімінің Кубогі үшін облыстық ашық турнир өтті. Жарыстың мақсаты – волейбол спортының деңгейін арттыру, ойыншылардың шеберлігін шыңдау. Турнирге Қызылқоға, Мақат, Индер, Исатай, Махамбет ауданы және Атырау қаласының командалары қатысты.
Жаңа спорт кешеніне жиналған командалар алаңға сап түзегеннен кейін, еліміздің Әнұраны шырқалды. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Елімізде спорт саласын дамытуда жүйелі жұмыстар жасалуда. Оның ішінде, Махамбет ауданында да бірқатар спорт нысаны, ойын алаңы пайдалануға берілді. Келер жылы бес ауылда ашық спорт алаңының құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігіне берілетін болады. Мұның барлығы ауыл жастарына, спортты серік еткен жандар үшін жасалып жатқан үлкен қамқорлық деп есептейміз. 2017 жылы шымылдығы түріліп, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан облыстық ашық турнирге баршаңыз да қош келдіңіз. Шын мықты жеңіске жетсін,- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Жайлашев, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сағынбай Шотпақов спортшыларға ізгі тілектерін жеткізді.
«Махамбет-1», «Исатай», «Индер», «Мақат» командалары бір топқа түссе, «Махамбет-2», «Қызылқоға», «Атырау» командалары топтан шығуға таласты. Өз тобынан оза шыққан әр команда орыннан үмітті. Нәтижесінде «Махамбет-1» командасы аудан әкімінің Кубогін және 200 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды. «Атырау» командасы екінші орын және 150 мың теңгені жеңіп алса, үшінші орын үшін болған ойында индерліктерден басым болған «Қызылқоға» командасы қола жүлде мен 120 мың теңгелік сертификатты қанжығаға байлады.
Турнирде арнайы номинациялар да табысталды. Атап айтқанда, Нұртілек Жетпісов «Үздік байланыстырушы», Ақниет Қайса «Үздік шабуылшы», Асыланбек Марпешов «Үздік қорғаушы», Баян Қайырғали «Үздік ойыншы» аталымдарымен марапатталды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ