Жоғары интеллектуалды спорт түрін жататын тоғызқұмалақ ойынының тарихы 4000 жыл бұрын басталған. Республикамыздың әр түкпірінен табылған, тасқа қашалып қалдырылған тоғызқұмалақ тақтасының бейнелері де ойынның ертеде пайда болғанынан хабар береді. Жалпы тоғызқұмалақ ойыншының жылдам ойлауына, есептеудің түрлі тәсілдерін меңгеруіне ықпал етеді және бабаларымыздың осал адамдар болмағанына көз жеткізеді.
Бүгінде салауатты өмір салтын насихаттау және ұлттық салт дәстүрді ұстану мақсатында тоғызқұмалақ ойыны қолдау табуда. Дәстүрлі шара достық қарым-қатынасты нығайту мен студент жастардың спорт шеберлігін шыңдауға бағытталып отыр.
Жуырда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында халық емшісі, ел анасы Самиға Жұмағұлқызын еске алуға арналған тоғызқұмалақтан жасөспірімдер және ардагерлер арасында аудандық жекелей ашық турнир өтті. Аталған жарысқа Батыс Қазақстан облысының Жаңақала, Ақжайық, Бөрлі ауданы, Орал, Ақтөбе қалалары және Атырау облысының Махамбет ауданынан ойыншылар қатысты.
Еске алу турниріне 140-тан аса тоғызқұмалақшы келіп, өзара тартысты ойын көрсетті. Нәтижесінде 30 жастан жоғары әйелдер арасында Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Гүлжан Мәженова жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, Қ.Ахмедияров атындағы орта мектептің оқушысы Ершат Нұрбай, О.Шонаев атындағы Махамбет орта мектебінің оқушысы Аида Сағындыққызы және Д.Төленов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Ләззат Каким үздік ойын өрнегін көрсеткендері үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Жарыс жеңімпаздарына Жаңақала ауданы әкімінің атынан диплом, медаль және халық емшісі Самиға Жұмағұлқызының үй ішінің атынан ақшалай сыйлық табысталды.
Қ.АЙТҚАЛИҰЛЫ