Ауылдастары ардақты азаматын еске алды

21 мамыр - Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қазақстан Журналисттер Одағаның мүшесі, ақын, қарымды қаламгер, мәдениет майталманы Қадыржан Қазымбекұлын еске алуға  арналған волейболдан ауылішілік турнир өтті. 

Бақсай ауылдық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен еске алу турниріне Қадыржан Қазымбекұлының ұл-қыздары, ауыл тұрғындары және спорт жанашырлары қатысты. Мектеп директоры Серік Қойбақов пен зейнеткер Ғұднан Мамайұлы қаламгер туралы естеліктер айтып, ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. 

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов ауыл тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттаудағы шараның маңыздылығына тоқталып, спорт бәсекесіне қатысушы мекеме қызметкерлеріне сәттілік тіледі. 

-Қадыржан ағамыз талай жыл басқарған мәдениет үйінің ұжымы орынды бастама көтеріпті. Аудан мен ауылдың экономикасын, мәдениет көтеру жолында ағамыздың атқарған ісі ұшан-теңіз. Бұл бастама оңынан болып, аудан, облыс көлемінде өтетін дәстүрлі турнирлер қатарына енетініне сенеміз. Ауылға сыйлы болған азаматтарды әрдайым еске алу арқылы түрлі шаралар ұйымдастыру - кейінгі жас толқынға үлгі. Баршаңызды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілейміз,- деді ауыл әкімі.

Тартысты өткен турнирге 5 команда қатысты. Қатысушылар өздерінің жеңіске деген ұмтылыстары мен дайындықтарының жоғары екенін дәлелдеп, әдемі ойын өрнегін көрсетті.

Турнир қорытындысында Қ.Ахмедияров атындағы орта мектебі командасы жеңімпаз атанды. Аталған мектептің жанындағы интернат ұжымының командасы екінші орынды иеленсе, үшінші орын Бақсай ауылдық мәдениет үйінің командасына бұйырды. Сонымен қатар үздік ойын көрсеткен ойыншылар түрлі аталымдар бойынша алғыс хатпен марапатталды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға алғыс хат, естелік сыйлықтар табысталды.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT