Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.
Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).
Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.
Сондай-ақ Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтеріледі.
Елена Рыбакинаны жеңісімен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
«Индиан-Уэллстегі беделді турнирде жарқын жеңіске жеткен Елена Рыбакинаны @lenarybakina құттықтаймын! Біздің спортшымыз асқан шеберлігін, жеңіске деген мұқалмас ерік-жігерін және спорттағы жоғары мәдениет үлгісін көрсетті. Елена әлемдегі үздік корттарда жаңа жетістіктерге жете береді деп сенемін!», - деп жазды Мемлекет басшысы желідегі парақшасында.