Жақында Әзірбайжан Республикасының тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын өркендетуге, бауырлас және өзге де мемлекеттермен әріптестік байланысын өрістетуге үлес қосқан Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай ел астанасы Баку қаласында дзюдодан 2007-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында халықаралық турнир өтті.
Турнирдің мақсаты – Ұлт көшбасшысы Гейдар Әлиевтің мұрасын зерделеу, мектеп оқушылары арасында дзюдоны кеңінен насихаттау, жасөспірім спортшылардың жарыс тәжірибесін арттыру, олардың арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.
Әлемдік бәсекеде Махамбет аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Бекзат Мұстағалиев пен Қырым Ерқанат өнер көрсетті. Нәтижесінде 50 келі салмақ дәрежесінде белдескен Бекзат жетпіске жуық дзюдошының арасынан қола жүлдеге қол жеткізді. Ол 6 белдесудің бесеуінде қарсыластың жауырынын жер иіскетсе, біреуінде ғана есе жіберді.
– Үзіліссіз төккен тер мен еңбектің арқасында қола медальға ие болдым. Қарсыластарым осал болмады. Дегенмен мен де намысты қолдан бермей, барымды салдым. Әрине, бұл жерде қолдау білдірген жақындарым мен жаттықтырушымыз Әсет Абатұлына алғысым шексіз. Алға қойған мақсатым өте көп. Үлкен жарыстарға қатысу жоспарымда бар, – дейді қола жүлдегер.
Айта кетейік, халықаралық турнирге әлемнің Нидерланды, Щвеция, Чехия, Польша, Венгрия, Словакия, Латвия, Өзбекстан, Қазақстан және Әзірбайжан сынды 10 елінен 500-ге жуық дзюдошы қатысты.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ