Иордания астанасы Амман қаласында өткен бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанған Нұрқанат Райыс махамбеттік балғын боксшылармен кездесті.
Ол жас өрендерге бокстың қыр-сырын түсіндіріп, шеберлік сағатын өткізді. Қазіргі таңда Махамбет ауданында бокс спортымен шұғылданатын 100-ге жуық бала бар. Аудан орталығынан бөлек Ақжайық, Таңдай, Ортақшыл және Бейбарыс ауылдарында да бокс үйірмелері жұмыс жасайды. Жас боксшылардың бұл спорт түріне деген ынтасын арттыру мақсатында аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебі ұлттық құрама мүшесін арнайы шақыртыпты.
– Бәріміз де осы балалар секілді бір кездері боксты бастағанбыз. Басымнан өткізген түрлі қызықтарды айтып, жоғары деңгейдегі жарыстарда алған тәжірибелеріммен бөлістім. Мұның өзі балаларға үлкен жігер сыйлайды деп есептеймін. Болашақ – жастардың қолында. Еліміздің көк туын көкте желбірететін чемпиондар ауылдан шығатыны сөзсіз. Сондықтан ауылдық жерлерге қолдау көрсетсек, «Елім» дейтін мықты жігіттер шығатынына сенімдімін,- дейді Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқанат Райыс.
Шеберлік сағатына қатарластырымен бірге Ерасыл Жомартұлы да қатысты. Оның бұл спорт түрімен айналысқанына төрт жылға жуық уақыт өткен. Ерасылдың ойынша, мұндай шеберлік сағаты жеңіске жетсем деген құлшынысын арттыратын көрінеді.
– Бүгінгі шеберлік сағатын өткізген Нұрқанат ағамызға көп рахмет. Осы ағамыздың жолын біздерге бұйырсын деп тілеймін. Өзім жақында өткен облыстық чемпионатта жеңімпаз атандым. Осы спортқа баптаған Қалмұрат Торбаев, Мерлан Қайрош ағайларыма үлкен алғысымды білдіремін. Мұндай шеберлік сағаттары оқушылардың бокс спортына деген құлшынысын арттырып, алған тәжірибелерін жарыста көрсетеді деген ойдамын,- дейді жас боксшы.
Шеберлік сағатының соңында Азия чемпионатының күміс жүлдегері жас боксшылардың қолғабына өз қолтаңбасын қалдырды. Айта кетейік, екі аптаға жалғасқан Сары құрлық додасында еліміздің намысын қорғаған Нұрқанат Райыс 75 келі салмақта өнер көрсетіп, күміс жүлдегер атанған болатын.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ