Ауданда жаңа футбол алаңы ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында: «Денсаулық кепілі – дене шынықтыру. Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын.

Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс»,-деген болатын. Бұл тұрғыда Махамбет ауданында ілкімді істер атқарылуда. Соның айғағы – аудан орталығына кіреберісте сәні мен салтанаты келіскен, жоғары сападағы шағын футбол алаңының пайдалануға берілуі. Өз туған жерінің көркеюіне, дамуына өз үлесін қосып жүрген азаматтардың бірі Нұролла Сұлтанғұбиевтың демеушілігімен салынған нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары С.Аманшиева, спорт ардагерлері, жас футболшылар мен кәсіпкердің ағайын-туыстары, достары қатысты.

f250290a-05c1-4a77-b7b7-16c691e6ddaa

–Нұролла Саламатоллаұлы бұл атқарған игі шараңыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын қолдау деп тануға болады. Елімізде салауатты өмір салтын насихаттаудың негізгі мақсаты – адам денсаулығын жақсарту, жастарды салауатты өмір сүруге баулу болып табылады. Сіздің осынау игі бастамаңыз Махамбет ауылы тұрғындары тарапынан үлкен алғысқа ие болды. Осындай игілікті істерге мұрындық болып, елдің алғысына бөленіп жүргеніңізді әркез мақтан тұтамыз,-деген аудан әкімінің орынбасары С.Ертілеуқызы кәсіпкерге және оның отбасына аудан әкімі атынан алғыс хат табыстады.

Жаңа нысанның лентасын спорт саласының ардагері Жылқайдар Сұлтанов пен демеушінің анасы Талиға Ғабдуллина қиып, өздерінің жүрекжарды тілектерін жеткізді. Ашылу салтанаты аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің өзара жолдастық кездесуіне жалғасты. Сонымен қатар жарысқа қатысушы аяқ доп шеберлеріне Сұлтанғұбиевтер әулеті атынан футбол формасы сыйлыққа берілді.

7e3559f1-4ce6-46b9-a9e3-4fc47d5adf5e

- Бүгін – біздер үшін де, барша махамбеттіктер үшін де өте қуанышты күн. Бұл нысанды салу, әрине оңайға түскен жоқ. Бұл тұрғыда қолдау білдірген аудан әкімі Ринат Бауыржанұлына да алғысымды айтамын. Осы жерге келіп, ойын қызығына бөленушілер алаңның айналасын таза ұстап, көздің қарашығындай сақтаса екен,-дейді кәсіпкердің анасы Т.Қайыржанқызы. Жастардың спортпен шұғылдануына қамқорлық ретінде салынған заманауи талаптағы футбол алаңын көруге асыққан кәсіпкердің досы, сыныптасы, облыстық мамандандырылған бокс клубының директоры Асылбек Орынғалиұлы:

- Аудан спортының дамуына үлес қосып, бірқатар жетістіктерге жеткен Нұролла Сұлтанғұбиевтың бастамасы көпке үлгі. Барша аудан тұрғындарын осынау тамаша нысанның ашылуымен шын жүрек құттықтаймыз. Осы типтегі спорт алаңдарының саны көбейсе спортшыларымыздың да жетістіктері артары сөзсіз,-дейді. Мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының маңызды бағыты болып табылатын спорт саласын өркендету, салауатты өмір салтын қалыптастыру жас ұрпақ саулығын нығайтып, оның тәрбиесін дамытуға ықпал етеді.

1cd35e38-f57a-404f-af11-da71bfe9906e

Айта кету керек, ауданда футбол спортын дамытуға көп көңілініп келеді. Соның нәтижесінде жас футболшылар облыстық, республикалық турнирлерге қатысып, аудан намысын абыроймен қорғап келеді.

 

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521